Жас та болса ауыр жұмыстың жүгін арқалаған

296

 

Тергеуші болу – жауапкершілігі жоғары мамандық. Әрбір істің соңында адам тағдары тұрады. Сондықтан да сауатты, білімді, білікті жандар ғана бұл мамандықтың иесі атана алады. Ең бастысы, қылмыскерлерді құрықтап, бұлтартпайтын айғақтар арқылы істің ақ қарасын айыра білу керек.

Бұл тұрғыда елімізде білімді де білікті тергеушілер көп. Олардың жасап жатқан жұмысы салаға енді келіп жатқан жастарға үлгі-өнеге.

Берікғали Оразбайдың Ордабасы аудандық полиция бөліміне тергеуші болып орналасқанына алты айдың жүзі болған. Дегенмен, талапшыл тергеуші қазірдің өзінде бірнеше істі қарап, сотқа өткізген. Қылмыстық істерді ашып, күдіктілерді бұлтартпас айғақтар арқылы анықтаған.

– Келгеніме алты айдың жүзі болып қалды. Осы аралықта ұрлық, алаяқтық бойынша істерді тергедім. Ашылды. Тұрғындарды алаяқтарға алданбауға шақырамын. Қазір ел ішінде интернет, ұялы телефон алаяқтары көбеюде. Сондықтан сақ болу қажет. Қандай да бір ақша аударымдарын жасауда, мұқият тексеріп алыңыздар – дейді Берікғали Жақсылықұлы.

Жас та болса ауыр жұмыстың жүгін арқалаған тергеуші жұмысына аса жауапкершілікпен қарайды. Ал бос уақытын спорт залда өткізеді. Шынығып, жаттығу жасайды. Түрлі спорттық тәсілдерді үйренеді.

– Өндірістегі әрбір істі аяқтап, сотқа жіберген кезде бір жеңілдеп қаламыз. Бұл менің жұмысым, әрі бала күннен бергі арманым болғандықтан бар жан-дүниемді салып атқарамын. Бұл салаға келуіме әкем себепші болды. Бала кезден полиция қызметіне баулып өсірді. Полиция формасын кию, халыққа қызмет ету, қылмыстық істерді анықтау — бұл менің басты арманым болды. Қазір арманым орындалды. Қылмыстың алдын алу жолында Халыққа қызмет етіп, ел игілігіне жұмыс жасап жатырмын – дейді лейтенант.

 

QAINAR KÓZТО ПД-нің баспасөз қызметі