Індетке қарсы 10 қадам

191

Қазір қай дәріханаға барсаңыз да ұзын-сонар кезек көресіз. Дәріхана алдында кезек болмаса, ол дәріхана не жабық, не дәрі-дәрмегі таусылғанын білесіз. Індет тез таралғаны соншалық, ауруханаларда орын таусылып, мектептер мен спорт кешендерін стационарға айналдырып жатыр. Халықтың басым бөлігі үйінде жатып, емделуге көшті. Әркім де дәрі іздеп, қажетін таба алмай, басқа облыс-қалалардағы танысына хабарласып жатқан жайы бар. Сонымен осы тұста ел үкіметі нендей іс-шаралар жасағалы жатыр? Президент тапсырмасы мен денсаулық сақтау министрінің іс-әрекетіне көз жүгіртелік.

Дүйсенбіде президент Қасым-Жомарт Тоқаев бейне байланыс режимінде коронавирус індетінің таралуына қарсы күрес шаралары жөнінде кеңес өткізді. Жиынға Үкімет мүшелері, бірқатар мемлекеттік органдардың басшылары, қалалар мен облыстардың әкімдері қатысты.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде дер кезінде жарияланған қатаң карантин шаралары уақыттан ұтып, эпидемияның қатты өршіп кетпеуіне мүмкіндік бергенін атап өтті. Өкінішке қарай, Төтенше жағдай режимі тоқтатылғаннан кейін барлық карантин шаралары босаңсып кетті.
– Биылғы 11 мамырда шектеулер алынғаннан кейін вирустың таралуы 7 есе өсті. Бұл көп жағдайда бірқатар мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшіліктерге байланысты болып отыр. Мемлекеттік басқару жүйесінің орталық және жергілікті органдары Төтенше жағдай режимі тоқтағаннан кейінгі кезеңде тиімді жұмыс істеуге дайын болмағанын атап өту қажет. Ведомствоаралық комиссия өзіне жүктелген міндетті атқаруға шамасы жетпеді. Мұны ашық мойындау керек. Денсаулық сақтау министрлігі орталық және жергілікті билік органдарының жұмысын үйлестіре алмады. Жұмысына салғырт қарағаны үшін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгіновке, Алматы қаласының әкімі Б.Сағынтаевқа ескерту жасаймын. Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновке, Ақтөбе облысының әкімі О.Оразалинге, Павлодар облысының әкімі Ә.Сқақовқа және Ведомствоаралық комиссияның төрағасы Е.Тоғжановқа сөгіс жариялаймын. Атырау, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне өңірлердегі ахуалды реттеу қажеттігін ескертемін. Аталған мәселе барлық облыстың басшыларына да қатысты. Тиімді ақпараттық жұмыстың өз деңгейінде жүргізілмеуі де жағдайды ушықтыра түсуде. Біздің халықпен арадағы диалогымыз өз деңгейінде нәтиже бермеді. Ақпараттар легі теріс пікірлердің ықпалында кетіп, дәрігерлердің ерлікке пара-пар еңбектері көрінбей қалды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарды қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етіп, емдеудің маңыздылығын атап өтті. Осы ретте проблемаларды шешу үшін Үкімет пен өңірлердің әкімдеріне барлық қаржылық және инфрақұрылымдық ресурстарды жұмылдыру тапсырылды.
– Пандемияның екінші толқынын ескере отырып, шілденің соңына дейін жұқпалы дертке шалдыққандарға арналған төсек орындарын 50 пайызға арттыруды тапсырамын. Бұл үшін өңірлер барлық резервті, соның ішінде, жеке және ведомстволық медицина орталықтарын пайдалануы керек. Үкіметке дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету мәселесін бес күннің ішінде шешуді тапсырамын, – деді Президент.
Ал сейсенбі, 30 маусым күні ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа коронавирус инфекциясымен күрестің қадамдарын таныстырды.
Министрдің айтуынша, министрлік тарапынан тұрғындар тап болған негізгі проблемаға талдау жасалуда.
Ол осы орайда жүргізілген талдау негізінде министрлік халықтың сұранысына әрекет ету бойынша аса маңызды 10 шараны таныстырды:
1. Амбулаторлық деңгейде инфекцияны емдеу туралы қарапайым әрі түсінікті ескертпелер даярлау;
2. Дәрілік заттарды жеткізу мен сатып алу рәсімдерін жылдамдату. Отандық тауар өндірушілерді ынталандыру;
3. COVID-19-ды диагностикалауда цифрлық рентген-аппараттарды пайдалануды кеңейту жолымен тексеру шараларының қолжетімдігін арттыру;
4. Тестілеу үшін зертханалар қуатын күшейту, тестілерді уақытылы жеткізу;
5. Шақыртулар кезінде мобильдік бригадалармен тестілерді алуды ұйымдастыру;
6. Үйде пациенттер үшін барынша қауіпсіз медициналық көмек көрсету;
7. Амбулаторлық деңгейде консультацияларды қашықтан жүргізуді енгізу;
8. Стационарларды өкпені жасанды желдету аппараттарымен жабдықтау;
9. Жерлеу тәртібін өзгерту;
10. Азаматттардың эпидемиологиялық сақтығын жоғарылату. «Қоғамдық деңгейде әлеуметтік және жұмыс істеу тәртібін бейімдеу, корпоративтік жауапкершілікті арттыру, ақпараттық технологиялар әлеуетін жүзеге асыру тетіктері енгізіледі», — деді министр.

«Оңтүстік Рабат», №27, 1 шілде 2020 ж