Пневмониядан көз жұмған медицина қызметкерлеріне өтемақы төленуі мүмкін. Бұл туралы еліміздің бас дәрігері баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Алексей Цой 1-тамыздан бастап коронавирусқа ұқсас індеттер статистикасы бірігетінін айтады. Осыған байланысты енді қызмет барысында дерттен ажал құшқан ақ халаттыларға да төлем берілуі мүмкін дейді денсаулық сақтау министрі.

Қазақстанда ковид жұқтырғандар саны 75 153-ке жетті. Олардың 60 пайызы бүгінде індетті жеңіп шыққан. Ал, 610-ны тәжівирус құрығына ілініп, құрбаны болды. Аталмыш вирус медицина қызметкерлерін де айналып өтпеді. Аймақ әкімдері берген тізім бойынша Қазақстанда 123 ақ халатты кви жұқтырып, 59 ажал құшқан. Бірақ, нақты тізім емес дейді еліміздің бас дәрігері.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі: «Негізінен, жұмыс орнында COVID-19 ауруына шалдыққан медициналық қызметкерлерге және жұмыс орнында коронавирустық инфекциядан қайтыс болғандарға ғана өтемақы төлейміз. Бізде басқа стандарттар жоқ. Бірақ пневмония өтемақысы туралы мәселені бұл осы екі аурудың статистикасы біріктірілген кезде қарастырамыз. Қазір ондай құқықтық акті жоқ. Бірақ біз бұл мәселені қарастырып жатырмыз, статистика біріктірілген кезде бізде нақты код болады. Қазір біз бұл тәсілді қарастырып жатырмыз».

Көп адамның өмірін жалмаған пневмонияның коронавирус түрі екенін дәрігерлер бұған дейін де айтқан еді. Ал, Қасым-Жомарт Тоқаев осы бойынша өткен аптада нұсқау берді. Қос індеттің статистикасы біріктірілсін деген оның тапсырмасы 1-тамыздан бастап жүзеге асады. Жалпы мамыр айынан бері өкпе ауруы 8000 отандасымыздан анықталған. Оның 1000-ы балалар.

Ажар Ғайният, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі: «Осы уақыттың ішінде мамыр айынан бастап, мыңнан астам бала ауырды. Қазір 100-ден астам бала емханада ауырып жатыр. Балалар осы коронавирустың инфекцияны өте жеңіл түрімен ауырып жатыр. Балалар арасында осы инфекциядан ешқандай өлім-жітім болған жоқ».

Соңғы кездері ел арасында үшінші толқынға алаңдаушылық пайда болған еді. Бұл уайым бекер емес сыңайлы. Себебі министрлік те үшінші толқын оңай болмайтынын айтады. Балаларды үйден шығармауға шақырған жауаптылар дәл осы кезде ЖРВИ мен тұмаудың өршитінін айтады. Оған енді аты жаман індеттің де қосылуы ғажап емес дейді билік өкілдері.

Ажар Ғайният, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі: «Күздің кезінде басқа да вирустық инфекциялар бас көтереді. Грипп бар, парагрипп бар басқа да вирустар бар. Олардың көбі вирустық пневмонияға алып келеді асқынған кезде. Соған байланысты сезондық инфекцияның пайда болуы мүмкін деген әңгіме шығар. Балалардың арасында көп таралмау үшін бүгінгі таңда үкімет пен балаларды мектепке бармауын, балаларды оқшауландыру жөнінде шешім қабылданып жатыр».

Еске салайық, күні кеше Алексей Цой үкіметтен қосымша 42 млрд. теңге сұраған еді. Бұл сома зерттеу жұмыстары мен медициналық құрылғыларды алуға қажет екен.

Назерке Үкібасова