Шымкентте медицина қызметкерлері күні аталып өтті

116

 Бүгін Шымкентте медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтті. Айтулы күнге орай медицина саласына еңбегі сіңген ақ халатты абзал жандар денсаулық сақтау министрлігінің арнайы төсбелгісімен марапатталды. 2 жылдан бері аталып өтпеген мереке, бүгін кең көлемде тойланды.

Назира Нукееваның медицина саласында еңбек етіп жатқанына биыл 36 жыл. Ақ халатты абзал жан бүгін ҚР ДСМ-нің «Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. №6 қалалық емхана қызметкері мейіргер мен дәрігердің жұмысы өте тығыз байланысты екенін айтады. Аға мейіргер мерекеге орай еңбегінің еленіп жатқанына қуанышты екенін айтады.

Назира Нукеева, №6 қалалық емхананың аға мейіргері: «Мынау біздің салада дәрігерлеріміз медбикелермен тығыз байланыста. Дәрігерлер мейіргерлерсіз жұмыс жасай алмайды. Жұмыстың 90% мейіргерлермен жүргізіледі. Біздің мейіргерлер дәрігерлердің нұсқауымен ары қарай жұмысты жалғастырып, өз жұмысын жасайды. Біз науқастармен тығыз байланыстамыз. Алтыншы қалалық емхана болғаннан кейін ауыл аралап, көше аралап, түсініктеме жұмыстарын жүргіземіз».

Ең қымбат байлық – денсаулық. Ал өзінің ғана емес, өзгенің де тәні мен жан саулығына қамқорлық жасап жүретін – ақ халатты абзал жандар. Маусым айының үшінші жексенбісі медицина қызметкерлерінің мерекесі аталып өтеді. Ал бүгінгі салтанатты жиында медицина саласында қызмет етіп жүрген мамандар «Еңбек ардагері», Денсаулық сақтау министрлігінің «Құрмет грамотасы» және қала әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды.

Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: «Соңғы екі жылдан бері медицина қызметкерлері халықты адамдарды, ажалдан арашалап , короновируспен бір адамдай соғыста жүргендей күресті. Медицина қызметкерлері алғы шепке шығып, әсіресе емхана жүйелері үйді үйді,  аралап, былайша айтқанда қуып жүріп жүз пайыз вакциналанған алғашқы осы шымкенттіктер болды. Осы тұрғыда еңбектеріңіз зор, сол үшін бас иіп рақмет айтамыз».

2 жылдан бері аталып өтпеген мереке, бүгін кең көлемде тойланды. Мерекелік іс- шарада өнерпаздар денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне арнап ән салып, биден шашу шашты. Ал басқарма басшысы осы уақыт аралығында Шымкент қаласы медицинада көптеген жетістікке жеткенін атап өтті.

Нұрлыбек Асылбеков, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Енді қазіргі таңда ең бастысы халыққа қол жетімділік. Ол орысша айтқанда шаговое доступность дейді. Соған байланысты жеке мемлекеттік серіктестік арқылы қазіргі уақытта емханалар көбірек ашылып, қазіргі уақытта солармен халыққа қол жетімді жасап жатырмыз. Осында көп ілгерушілік бар, сапалылық. Ал енді қосымша айтсақ қазіргі уақытта өздеріңіз білесіздер мынау бұның алдында пандемия болды. Пандемияға байланысты жаңағы инфекциялық станционар болды. Сол жерде 200 койкалық. Енді қазіргі уақытта соны қайта басқа жарақтандырып, мынау қаланың пайдалансақ деп отырмыз».

Жыл сайын дәрігерлердің айлық еңбекақысы – 30%-ға, орта буын медициналық қызметкерлерінің жалақысы – 20%- ға өсіп отыр. 2020 жылдан бастап медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету қарқынды жүзеге асып, медициналық техникамен жарақтандыру көрсеткіші 77,3%-ға жетті.

Ал «Балалар жылы» аясында 334 бала динамикалық бақылауға алынған. Оның ішінде «Орфандық» аурулары бар 36 баланы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін 1,5 млрд. теңге бөлінген.

Гүлдана Дәурен