Шымкентте медицина қызметкерлерінің жалақысы артады

44

Шымкентте биыл медицина қызметкерлерінің жалақысы көтеріледі. Айтулы тізімге техникалық қызмет көрсететін мамандар да еніп отыр. Бұл туралы шаһардың бас дәрігері Нұрлыбек Асылбеков хабарлады. Ақ халаттылар, көлемі артқан айлық табысын қашаннан бастап алады?

Шымкентте дәрігерлердің жалақысы 30 пайызға жоғарылайды. Осылай деген мегаполистің бас дәрігері орта санаттағы дәрігерлердің айлық табысы да 20 пайызға артатынын атап өтті. Айтуынша, қазір қайта есептеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қаржы жақын арада қызметкерлердің шотына аударылады дейді Нұрлыбек Асылбеков.

Нұрлыбек Асылбеков, Шымкент қаласы денсаулық басқармасының басшысы:
«Қазір айдың басы, мүмкін кешігуі мүмкін, бірақ міндетті түрде индексациямен жалақы түседі. Санитар қызметкерлер мен басқа медперсаналдардың да жалақысында өсім болады. Осы жұмыс істейтін медициналық ұйым төлейді».

Шымкентте коронавирус жұқтырғандар саны азайған. Статистика бойынша, күніне орта есеппен 3 жағдай тіркеледі. Қалада ауыр науқас жоқ, негізінен емдеу үй жағдайында жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, күннің күрт суытып, аяз болуына байланысты респираторлық вирустық инфекциямен ауыратындар саны да кеміген. Егер бұған дейін науқастар саны 200 адамға жетсе, қазір 60 адамнан аспайды дейді мамандар.

Нұрлыбек Асылбеков, Шымкент қаласы денсаулық басқармасының басшысы:
«Ауру жұқтырғандар саны айтарлықтай азайды. Бірақ суық түскенге дейін тұмаумен ауырғандар көп еді. Бұрын күніне 200 адам тіркелсе, бүгінде бұл көрсеткіш 60-қа төмендеген. Бізде комирнати вакцинасы бар, оны барлық қала тұрғындары ала алады».

Сондай-ақ, бас дәрігер қалада онкологиялық ауруға шалдыққан балаларға арналған көптеген білім ошақтарын құру жоспарланып отырғанын айтты. Сөзінше, онда балаларға барлық пән оқытылады және жеңілдетілген мектеп бағдарламасы бар.

Мөлдір Ибадуллаева