Биылғы тестілеу науқаны жылдағыдан ерекше болды. Әдетте, маусым айының алғашқы күндеріне дейін жалғасатын ҰБТ бұл жолы екі кезеңмен шектеліп, 30 маусымда аяқталды.
Тестілеуге өтініш берген 148 шәкірт денсаулығына байланысты, өзге себептермен сынақтан бас тартқан. Ал 200-ден астам түлек тестке тыйым салынған заттармен кірмек болған. Алайда, айласын арттырып, сынаққа телефонмен кірген 69 оқушы онлайн траснляция кезінде көзге түсіп, жинаған балынан айрылды. Десе де қулығына емес біліміне сеніп сынақ тапсырған кей шымкенттік шәкірттер жоғары балл жинап, оқ бойы озық шықты.
Жанат Тәжиева, Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы: «Екі оқушы 139, 138 баллдан жинады. №50 мектеп-лицейінің және білім инновация лицейінің оқушылары. ҰБТ -нің ашық өтуі не жақсы нәтижелерге себеп болды».
Алайда, сынақ нәтижесін былтырғыдан жоғары немесе төмен деп айта алмаймыз. Себебі, бұл науқанда ортақ балл шығарылмады. Түлектің жинаған балы тек өзіне ғана аян. Жыл бойы атқарылған жұмыстың нәтижесін көрсететін науқан осымен тәмам.
Жаңа оқу жылының жайы қалай болмақ? Қыркүйектен бастап мектеп оқушылары тағы да қашықтықтан оқыту жүйесімен білім алуы мүмкін дегенді естіген халық бұл жаңалықты тосырқай қабылдады. Әсіресе бірінші сынып оқушыларына алаңдаған ата-аналар бастауыштың шәкірттерін оқытуда әлі де ізденіс керек дейді. Ал кей қоғам өкілдері деннің саулығы мен бастың амандығы қыл үстінде тұрғанда онлайды оңды көріп отыр.
Ал салаға жауаптылар елдегі эпидемиялық ақуал бері қарамаса қашықтықтан оқыту жүйесіне тас түйін дайын болуымыз керек дейді. Алдағы оқу жылында топтап білім беру жүйесін қалыптастыратын платоформалар қолға алынады екен. Қашықтықтан оқыту жүйесі мектептердегі бақылау камералары арқылы қадағаланады. Қыркүйекке дейін білім ұяларындағы қондырғылар толық жаңартылатын болады.
Мақпал Рысбаева