Шымкент қаласындағы “Мейірім” провизорлық орталығында ем қабылдаған 90 жастағы Қарсыбаева Күлсара әжеміз пневмониядан 25 күнде жазылып шықты.

Әжейдің алғашта тыныс алуы қиындап, инфекциялық ауырухананың жансақтау бөліміне жеткізілді. Дәрігерлердің тексеруінен кейін өкпесінің екі жақты 70 % зақымданғаны анықталып, пневмония диагнозы қойылды.

Жансақтау бөлімінде 3 күн емделген соң, “Мейірім” провизорлық орталығына өз қалауымен ауыстырылды. Түскен кездегі науқастың жағдайы ауыр болатын. Дәрігерлердің дер кезінде емдеу хаттамасына сәйкес медициналық көмек көрсетіп, дұрыс жүргізілген емдеу шараларының нәтижесінде, 25 күннің ішінде Күлсара Қарсыбаеваның денсаулығы жақсара түсті.

Денсаулық жағдайының ауырлығына және қосымша созылмалы ауруларына (созылмалы холецистит, панкреатит, артериялық гипертензия) карамай, әжей аурумен күресіп, жеңіп шыкты. Дәрігерлер апамыздың қазіргі жағдайы жақсы екенін айтты.

Толықтай сауыққан 90 жастағы Күлсара әжей «Мейірім» провизорлық орталығы дәрігерлеріне ақ батасын беріп, бүгін клиникадан отбасына оралды.

“Мейірімділік, махаббат, қайырымдылық, адалдық секілді ізгіліктер ақ жүректен шығады”-демекші, өз қуанышын жасыра алмаған Әжеміз атына заты сай “Мейірім” провизорлық орталығындағы бас дәрігері Ниязкұлов Абдирахмат Абдукадирұлына, бөлім меңгерушісі Ерімбетова Лаура Сапарғалиқызына, дәрігерлер Жұмағұл Гүлайым, Ағабекова Гүлжан Орынбасарқызы, Түктібаева Сәуле Ақтілеуқызы, Кемелбеков Қанатжан Сауханбекұлы, Андабаева Эльмира Бахытбекқызына және тағы да басқа медициналық қызметкерлерге шексіз алғысын білдірді.

“Мейірім” провизорлық орталығының қолы шипалы, ақ халатты абзал жанды, мейірімді қызметкерлерінің еңбектеріне табыс, дендеріне саулық тіледі.

Мұндай жаста ауруды жеңіп шығу ерекше жағдай. Орталық қызметкерлері Күлсара Қарсыбаева әжемізге жүз жасаңыз деген тілектерін айтып қалды.

Күлсара апамыз аты аңыз болып айтылатын алып балуан, Шардарадағы қол күресінің негізін қалаушы, Әлем чемпионы Арман Қарсыбаевты 46 жасында дүниеге алып келген батыр ана.