Апатты үйдің тұрғындары жаңа үйге көшуге қарсы

382

Түлкібас ауданы Састөбе кентінің тұрғындары 80 жыл бұрын салынған үйде тұруға мәжбүр. Сөздерінше, арнайы комиссияның бұл үйді апатты деп танығанына 10 жыл. Содан бері жұрт жандарын шүберекке түйіп күн кешіп келеді. Басқа барар жеріміз жоқ деген олар әкімдіктен қайыр таппай жүрміз дейді.


Ира Жайшыбекова Састөбедегі бұл үйге 10 жыл бұрын көшіп келген. Көп ұзамай қосқабатты баспана апатты деп танылыпты. Келіншек содан бері жанын шүберекке түйіп жүргенін айтады. Себебі құлаудың аз-ақ алдында тұрған баспана жақында сүрілуі мүмкін. Осыған қарамастан тұрғындар басқа жаққа көшпейміз дейді.


Ира Жайшыбекова, Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Састөбе кентінің тұрғыны: «Апатты үй орнына жалдамалы пәтер бермекші. Ол мені қанағаттандырмайды. Өзімнің үш бөлмелі пәтерім бар. Ол жекеменшік. Оны үкіметке беріп, арендалық үйге не үшін баруым керек?».


Жалпы Састөбе кентінде бүгінге дейін апатты 2 үй сүрілген. Биыл тағы 5 үйді талқандау жоспарда тұр. Осылай деген кент әкімі ондағы үй иелерінің тек жалдамалы баспанаға көшетінін айтады. Жұртты далада қалдырмаймыз деген жауапты мемлекеттік бағдарлама бойынша жалдамалы үй салынып жатқанын жеткізді.


Сұлтан Пайзов, Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Састөбе кентінің әкімі: «Олардың тағдырын білмеймін. Қазақстанда ешкімге тегін үй бермесін деген заң бар ғой. Оларға мемлекет арнайы үй салып жатыр ғой. Қазір олар апатты үйде тұрады. Тағы бірнәрсе болса әкімдік кінәлі болады».

Айта кетейік, бұған дейін Састөбеде бой көтерген екі жаңа үйдің бүгінгі жағдайын көрсеткенбіз. Сапасы сыр бере бастаған баспаналар апатты үйлер орнына салынып, ондағы тұрғындар пәтерді жалдап тұруда.

Назерке Үкібасова