Елімізде карантин уақыты ұзаруы мүмкін бе?

136

Елімізде карантин ұзаруы мүмкін бе? Көптің көңілін күпті еткен бұл сауалға бүгін денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жауап берді.

Айтуынша, алдағы екі аптада КОВИД індетіне қатысты мәліметтерге мониторинг жүргізіледі. Дегенмен министр қиын кезеңдердің артта қалғанын айтып, қуантып қойды. Елдегі эпидемиялық ақуал туралы бүгін арнайы брифингте айтылды.

Осыған дейін елімізде 8515 медицина қызметкері КОВИД індетін жұқтырыпты. Ал пневмонияға шалдыққандар туралы әзірге ешкім дөп басып айта алмайды. Дегенмен, денсаулық сақтау министрі ақ халаттыларға өтемақы беру мәселесінде әрбір жағдай жеке әрі жіті зерттелетініне сендірді. Біздің әріптестеріміздің ешқайсысы бұл мәселе бойынша алаңдамай-ақ қойсын», – деді Алексей Цой.

Алексей ЦОЙ Денсаулық сақтау министрі: «Медицина қызметкерлеріне өтемақы берер кезде тамызға, яғни коронавирус пен пневмония статистикасы біріктірілгенге дейін анықталған адамдар одан сырт қалмай ма деген сауал қойылып жатыр. Біз мұны жеке-дара зерделейтін боламыз. Қазіргі уақытта келешек үшін күш салған абзал. «Көп уақыт өтпей күз келеді. Бұл статистикада өтемақы мен төлемақы ғана емес, ең бірінші кезекте ресурустарды бөлу, болжау, диагностика мен ауруханаға жатқызу мәселелері қамтылады. Бұл міндеттер – қазіргі уақытта басты маңызға ие».

Алексей Цой карантин мерзімі туралы пікір білдірді. «Біз алдағы екі аптада мәліметтерге мониторинг жүргіземіз, егер ауру тұрақты түрде азайса, оған қатысты жоспарымыз бар. Ол туралы біз мемлекеттік комиссияға шараларды кезең-кезеңімен төмендету туралы баяндадық», – дейді министр.

Сондай-ақ ведомство басшысы еліміздегі эпидемиологиялық жағдай жақсы аймақтарды да атады. Алайда олардың арасында Шымкент жоқ. Батыс Қазақстан, Ақмола, Алматы, Түркістан, Қостанай, Маңғыстау облыстарындағы және астанадағы жағдай жақсы. Осылайша Қазақстанда коронавирус инфекциясына байланысты жағдай тұрақтанды деп сеніммен айта аламыз деді министр.

Мақпал РЫСБАЕВА