Сарыағашта перинаталды орталық салынады

1

Түркістан облысында 23 және 26 сәуір аралығында ҚР Президент Іс басқарамасы Медициналық орталығының күндері өтеді. Медициналық орталықтың үздік мамандары аймақтың емдеу мекемелерінде шеберлік сабағын өткізіп, халыққа практикалық және консультациялық-әдістемелік көмек көрсетіп, күрделі операцияларды жасайды. Облыс әкімі орталық басшысы Алексей Цоймен кездесіп, өңірдегі медициналық көмектің сапасын арттыру және денсаулық сақтау саласын дамыту бойынша бірқатар мәселені талқылады. 

Сарыағашта перинаталды орталық салынады. Медициналық кешенде перзентхана, көпсалалы аурухана, емхана және әкімшілік ғимарат орналасады. Бұл туралы облыс әкімі ҚР Президент Іс басқарамасы Медициналық орталығының басшысы Алексей Цоймен кездесуде айтты. Сөзінше медицина саласын жетілдіру үшін мамандар арасындағы біліктілікті арттырып, озық тәжірибе мен технологияларды жаңартуға басымдық беріледі.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Біздің өңірде халық тығыз орналасқаны белгілі. Еліміздегі әрбір төртінші көпбалалы ана осында тұрады. Әрбір алтыншы-жетінші сәби де біздің өңірде дүниеге келеді. Соңғы бес жылда өзге көрші өңірлерге 484 мың адам қоныс аударған. Сондықтан Түркістан облысы үшін денсаулық сақтау мен білім саласын дамыту ең маңызды мәселеле болып отыр. Өңірде бірқатар жаңа медициналық нысан бой көтеріп жатыр. Оңтүстік аймақтарда 1 миллионға жуық халық тұрады. Облыс орталығына жету алыс. Сондықтан халыққа шекара асып, көрші елдерде емделу тиімді болып тұр. Біз өз тұрғындарымызға жоғары сапалы дәрігерлік көмек беруге күш салуымыз керек»

Түркістан облысына сапары аясында ҚР ПІБ Медициналық орталығының басшысы бастаған делегация өңірдің бірқатар медициналық мекемесінде болды. Еліміздің үздік ауруханаларының қызметі туралы жан-жақты айтып, жергілікті әріптестерімен медицина саласындағы өз тәжірибесімен бөлісті.

Алексей Цой, ҚР Президент Іс басқарамасы Медициналық орталығының басшысы: «Мемлекет басшысы елімізде денсаулық сақтауды дамытудың негізгі бағыт-бағдарын айқындап берді, ол үшін еліміздің әр азаматы озық технология мен әлемдік стандартқа сай сапалы медициналық көмекпен қамтылуға тиіс. Біздің мақсатымыз – екі жақтың дәрігерлерінің арасында кәсіби тұрғыда байланыс орнату. Біліктілікті арттыру. Бұл жолы ғана емес, жүйелі түрде жан-жақты қолдау. Жаңа технологияларда жұмыс істеуді үйрету. Түркістан облысының дәрігерлері ізденімпаз, медицинадағы жаңа әдіс-тәсілдерді тез үйреніп алуға бейім. Көптеген күрделі оталарды жергілікті дәрігерлер де өте жақсы жасайды. Сондықтан алысқа барып, уақыт жоғалтудың қажеті жоқ»

Кездесу нәтижесінде Түркістан облысының әкімдігі мен Медициналық орталық арасында өзара Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Айта кетейік, орталық қызметкерлері екі күн ішінде 200-ден астам тегін кеңес берді. Және бұрын-соңды болмаған 13 күрделі операцияны сәтті аяқтады. 400-ден астам тыңдаушының қатысуымен аймақ дәрігерлеріне арналған 28 презентация мен шеберлік сабақ өткізді.