«Күйеуіммен ажырастық, бірақ үнемі біргеміз»

213

Екеуі екі жаққа кетсе де бір-бірін ешқашан қимайтын жандар бар. Үлкендердің сөзінен аттап кете алмай, енді бір жағынан сүйгенін қимайтын олар өз әрекетінің немен аяқталатынын білмесе керек. Дәл осындай жағдайға тап болған кейіпкеріміз жанайқайын хат арқылы жеткізіпті.

Сәлеметсіздер ме? «Оңтүстік Рабат» газетінің «Тағдыр» айдарындағы хикая-ларды қалт жібермей оқып келемін. Өзім тағдырлас қыз-келіншектердің көбі басындағы жағдайға енесін кіналап жатады.
Ал бізде бәрі керісінше.
Енем күйеуіммен арамызды жақындатқысы келсе, қайынатам арамызды айыру үшін қолынан келген істің барлығын жасайды. Мұны оқып, «мүмкін емес» дейтін шығарсыз.
Оқиғаммен танысқан соң, ол адамды жақтауыңыз да мүмкін. Жолдасым екеуміздің отбасын құрғанымызға 9 жыл болды. Қандай жаза өтеп жүргенімді білмеймін, Жаратқан бізді бір сәбиге зар қылды. Осы 9 жылдың ішінде не көрмедім, қайда бармадым. Бір сәби сүю үшін бәрін жасадық. Көз жасымды көл етіп, өмірден түңілген сәттерім де болды. Бірақ ешқашан Жаратқаннан үміт үзбедім. Әлі де болсын үміттімін.
Мен бір отбасының ортаншы ұлына тұрмысқа шықтым. Бір-бірімізді өте қатты жақсы көріп қосылдық. Отбасылық өміріміздің алғашқы жылдары өте тамаша өтті. Күйеуім ағасы мен інісімен салыстырғанда қарапайым, ата-анасына да жақсы қарайды. Ата-анасының жағдайын бірінші орынға қоятын адам. Әкесінің айтқанынан шықпайды. Анасына әрдайым қамқор болып, денсаулығын ойлап жүреді.
Сондықтан болар, ата-енем бізді қара шаңырақта алып қалуды жөн көрді. Мен де күйеуімнің ата-анасына деген құрметін көріп, «бөлек шығайық» деп айта алмас едім. Айтпадым да.
Мен бір үйдің жалғыз қызымын. Әке-шешемнің жылы-жұмсақты алдыма төсеп өсірген еркесімін.
Үйленгенімізде атамыздың қалауымен аз ғана адамға шағын той жасадық. Менің арманымдағы той мүлдем басқаша еді. Әйтсе де үлкендердің сөзінен асып кете алмайтынымыз анық.
Неге екенін «бір үйдің жалғыз қызы» дегенді естіген атам баласына мені лайық көрмепті. Шаңырақта қалатын баласына өзі қалағандай көпбалалы отбасынан шыққан келін алуды армандапты.
Енемнің араласуымен және баласының қалауы бойынша, амалсыз келісімін берген. Осылайша атам тарапынан басынан бастап көңіліндегі келін болмадым. Мен үшін бұл кішкентай мәселе ретінде саналды, өйткені басты уайымымыз – балалы болмауымыз еді. Айналамда болып жатқан сөз де маған жасалған әділетсіз әрекеттер де қызықтырмады. Бар арманым – жолдасыма бір сәби сүйгізу.
Солай арада бірнеше жыл уақыт өтіп кетті. Мен қатты қайғырып жүрдім, бірақ күйеуім маған ешқашан «сен неге көтермейсің» деген сөз айтқан емес. Тіпті енем де жуас болғаны себепті ме, мұндай сұрақ қоймайтын.
Ал атам болса дастархан басына отырған сайын бала әңгімесін бастайтын. Мен қаншама дәрігерге қаралдым. Олар маған күйеуіммен бірге қаралуымызды айтты. Бірақ атам ешқашан баласын дәрігерге жібермеді. Баласы өз қалауын орындай алатын жігіт болса да әкесінің айтқанынан шыға алмады. Атамның айтуынша, баласының денсаулығында ешқандай кінәрат жоқ. Ағасы да інісі де балалы болды. Егер дәрігерге барса, сөзге қалады екен. Бар кінә менен екен. Иә, менен шығар. Бірақ бір рет болсын менімен бірге барса, мүмкін басқаша болар ма еді, кім білсін?
Көп жағдайда айтқанымды орындайтын жолдасым дәл осы тақырыпқа келгенде мені еш тыңдамады. Сонымен арадан уақыт өткен сайын біздің арамыз суи бастады. Бірнеше рет үйіме кетіп қалдым, бірақ шамалы уақыттан кейін күйеуім келіп жалынып-жалбарынып, менен басқа ешкім керек емесін айтып, алып кететін. Оны жақсы көремін, қимайтынмын.
Келсе болды артынан еріп кете беремін. Сөйтіп жүргенде отбасын құрғанымызға 4 жыл болды. Әкесінің «әйеліңді таста» деп үнемі айтуынан кейін заңды түрде ажырастық.
Қызығы сол, ажырасып, үйіме кетсем де жиі кездесіп тұрдық. Ол ешкіммен үйленбейтінін айтады. «Екі жақта тұрады» дегеніміз болмаса, үнемі біргеміз. Жұмыс жеріме іздеп келетін. Бірге тамақтанамыз. Киноға барамыз, достарымызбен кездесеміз. Былайша айтқанда отбасылы болудан айырмашылығымыз – бір шаңырақ астында тұрмайтынымыз ғана.
Мүмкін осындай кезде мені тыңдап қалар деп сол кезде де дәрігерге баруға көндіре алмадым. Иә, кінә менен.
Егер ол барса, екеуіміздің денсаулығымызға сай ем қабылдасақ, жақсы болып кетер деген үміт оты мазалайды
Әкесінің «сен белсіз емессің, дәрігерге барсаң, белсіз атанасың» деген сөзі үшін ол менің осы өтінішімді еш орындамады.
Ақыры бұл жағдайға көнбейтінін біліп, «Майкөтен» дәстүрі арқылы жақындарымыздан бала асырып алу дәстүрін де қолдануды ұсындым.
Әжем бұл дәстүр бойынша бала асырап алуымызды оған да, оның ата-анасына да айтты. Бірақ құлаққа іліп, назарға алған адам болмады. Жолдасым ағасы мен інісінің балаларын жанындай жақсы көреді. Өз балаларындай еміреніп отырады. Мүмкін бір баласын алсақ, ата-ана мейіріміміз оянып біздің де перзент сүюіміз әбден мүмкін ғой. Қазақ ешбір дәстүрді босқа жасамаған. Білуімше осы бір тамаша дәстүр арқылы балалы болған көп адам бар. Осының бәрі отбасымызды сақтап қалу амалы.
Мойындаймын, қаншама жыл өтсе де біздің арамыздағы сезім оты әлі өшпеді. Әкесінің: «ол әйелді қайтесің, бедеу қатын саған ешқашан бала сүйгізе алмайды, оны таста да бала туатын қыз ал» деп үнемі санасына құйып отыратын сөздері әсер етіп, менімен ажырасты. Бірақ мені әлі күнге басқаға қимайды. Әкесінің де сөзін жерге тастай алмайды, мені де қимайды. Екі оттың ортасында қалды. Бір рет кездесуіне шықпай қалсам, қызғанып, бәрін қопарып салады. Сөйте тұра менімен ажырасты. Шынымды айтсам, күйеуімді де түсіне алмай дал боламын кейде.
Дәрігерлерден, қабылдаған емнен еш нәтиже болмаған соң, әулиелі жерлерді де аралап кеттім. Оңтүстік өңірінің қаншама қасиетті мекендеріне бардым. Әлі күнге нәтиже жоқ. «Сондай жерге де күйеуімен бірге жұбайлар ниеттеніп барса, тілектері орындалады» деп жатады ғой. Ал бізде керісінше. Бір өзім салпақтап жүремін. Бала тек маған ғана керек сияқты.
Маған ешқандай да қолдау көрсетпей, осы жасқа келіп, әкесінің сөзінен шыға алмай жүрген жолдасымның қылығына кейде қатты налимын. Не мені жайыма қалдырмайды. Мүмкін басқаға үйленіп кетсе, қанша қиналсам да уақыт өте тағдырыма көндігіп, балалар үйінен болсын бір бала асырап алып, өз күнімді өзім көріп кетермін.
Ал бізде жағдай басқаша. Әкесінің сөзін жерге тастай алмай заң жүзінде менен ажырасса да іс жүзінде менен әлі күнге бас тарта алмай келеді.
Егер ауылының үлкендері екеуіміздің де бір-бірімізді қимай, қиналып жүргенімізді назарға алып, біз үшін дұрыс шешім шығарып, күйеуіме ақыл-кеңестерін айтса, мүмкін бақытты болып кетерміз?!
Бұл – тек менің арманым ғана. Оқиғаның соңы немен, қалай аяқталарын өзім де білмеймін. Онымен жолымызды мүлдем екіге айырып, еш кездеспей кетуді де ойладым. Бірақ ол мүмкіндік бермеді. Жаныма жалғыз жұбаныш – оның жүрегі әлі де мен деп соғуы.
Ажырасқан соң, қаншама адаммен таныстырғысы келсе де ешкіммен таныспады. Ешкімге үйленбеді.
Не істеп жүргенін өзі де білмейді. Бұл оқиғаның соңы қалай аяқталарын ойланғысы келмейтін сияқты.
Мұндай жағдайда не істеу керек, сіз не дейсіз?

«Оңтүстік Рабат», №33, 13 тамыз 2020 ж