ҚР Оқу-ағарту министрлігі 2025–2026 оқу жылының қорытындысы бойынша еліміздегі ең үздік мектептердің рейтингін жариялады. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың нәтижелері негізінде жасалған тізімге еліміздің жоғары көрсеткішке қол жеткізген 114 білім беру ұйымы енді.
Биылғы республикалық олимпиада еліміздің алты өңірінде ұйымдастырылып, оған 676 мектептен 1636 оқушы қатысты. Білім додасында оқушылар өздерінің терең білімін, шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін жоғары деңгейде көрсетті.
Рейтинг арнайы бағалау жүйесі бойынша жасалды. Атап айтқанда, алтын медаль үшін – 3 ұпай, күміс медаль үшін – 2 ұпай, ал қола медаль үшін – 1 ұпай берілді.
Қазақстанның үздік 100 мектебінің қатарына Шымкент қаласының алты білім беру ұйымы енді:
• «Білім-Инновация» ер балаларға арналған №1 лицей-интернаты;
• Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған ІТ лицей-интернаты;
• З. Хусанов атындағы №110 орта мектеп;
• Айбек атындағы №14 орта мектеп;
• А. Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназия;
• Мұхамед Хайдар Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған гимназия.
Бұл көрсеткіш Шымкент қаласындағы білім беру ұйымдарында олимпиадалық даярлық бағыты бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын және оқушылардың республикалық деңгейде жоғары нәтижелерге қол жеткізіп отырғанын көрсетеді.
Айта кетейік, 2024–2025 оқу жылында Шымкент қаласынан бес мектеп үздіктер қатарынан көрінген болатын. Ал биыл бұл көрсеткіш алты мектепке жетіп, қаладағы білім беру ұйымдарының жетістігі жаңа деңгейге көтерілді.







