Түркістан облысы полицейлері 5000 түп сора егістігін жойды

144

Бүгінде сора егіп, сорлап жүргендердің қатары азаймай келеді. Қылмыстық жауапкершіліктің ауыр екенін білсе де, иісті шөпке аңсары ауып тұратындардың басым бөлігі темір торға тоғытылып та жатыр. Түркістан облысы Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шарасы барысында Отырар ауданы Сырдария өзенінің жағасында бір гектарға жуық жер теліміне есірткі затына ұқсас өсімдіктіктердің егілгені жөнінде хабарлама алған болатын.

Тәртіп сақшылары тексеру кезінде 5000 түп есірткі затын тауып, тәркілеп алды. Сараптама қорытындысына сәйкес алынған түптер «сора» болып шықты.

Аталған жайт СДТТБТ-ға ҚР ҚК-нің 300-бабы «Құрамында есірткі заттары бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру» бойынша тіркелді.

Сора егістігін жайқалтып өсіріп отырған  2 күдікті  ұсталды. Олардың бірі Ресей азаматы болып шықты. Ал серіктесі бұрын сотты болған Түркістан қаласының тұрғыны екен.

Сондай-ақ, тергеу барысында негізгі ұйымдастырушы яғни күдіктілерге тапсырма беріп, осы есірткі заттарын ектіріп, барлық жағдай жасаған басты күдікті анықталып, ұсталды. Ешкімнен, ештеңеден қорықпай, осыншама алқапты ектірген бас кейіпкер де көп ұзамай қолға түсті. Ол бұрында осындай қылмыс жасап сотты болған Түркістан қаласының тұрғыны екендігі анықталды.

Күдіктілер қамауға алынды. Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Түркістан облысының полиция қызметкерлері есірткінің заңсыз айналымын жедел-іздестіру және алдын алу іс-шаралары аясында бірқатар қылмыстарды ашып, есірткі сатқан, еккен, сақтаған күдіктілерді құрықтауда. Мысалы, жыл басынан бері ҚР ҚК-нің 300-бабымен яғни құрамында есірткі заты бар өсімдікті заңсыз егіп-өсірудің 68 дерегі анықталып, оның ішінде 47 қылмыстық іс сотқа жолданған.

Есірткі қылмысына қатысты қаншама күдікті қамауға алынып, бас бостандығынан айырылып жатса да бұл да басқа да шөпқұмарларға сабақ болмай отыр.

Айбаршын Нарбаева