Коронавирустың екінші толқыны ел экономикасына айтарлықтай әсер еткелі тұр. Бұл кезеңде елімізде 162 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтты.
Жұмыссыз кезеңде елде мұқтаж азаматтар санының арта түсетіні белгілі жәйт. Ал жұмыссыздықты алдын-алу үшін жасалған бағдарламалардың шарапатын халық қаншалықты сезіне алды? Бүгін Үкімет сағатында осы тақырып қаралды.
Әлемді жайлаған коронавирус індетінің екінші толқыны еліміздің еңбек нарығына жайсыз әсер еткелі тұр. Мәжілістегі Үкімет сағаты елдің тұрмысын қалай жақсартамыз деген сауалдың айналасында өрбіді.
Қауіпті алдын-ала сезіп, тиісті шараларын пысықтаған Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі бұл кезеңде 162 мың адамның екі қолға бір күрек таба алмай қалатынын жеткізді. Бұл өз кезегінде екі мегаполистің халқындай келетін 2 млн 200 мың адамның мұқтаждар армиясын толықтыратынын айтты.
Біржан НҰРЫМБЕТОВ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
«2,5 млн адам қашықтан орындалатын жұмыс режиміне ауысуы мүмкін. 2 млн адамның жұмыс уақыты қысқарып, олар ақылы немесе басым бөлігі ақысыз демалысқа шығарылуы ықтимал. Бұл — бірінші кезекте сауда, көлік, тұтыну және тамақтану қызметтері саласындағы қызметкерлер. Бағалау бойынша 162 мың адам жұмыссыз қалуы мүмкін».
Тығырықтан шығудың бір жолы — несиелендіру. Министр ауыл кәсіпкерлеріне кепілсіз несие береміз дейді. Ал депутат Нұртай Сабильянов қолданыстағы жүйені сынға алды. Айтуынша, шын мәнінде қолынан іс келетіндер жеңілдетілген несиеге қол жеткізе алмай сандалады. Қағазбастылық көп дейді халық қалаулысы.
Нұртай Сабильянов, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты: «Мәселен, солтүстікқазақстандықтардың саны соңғы 20 жыл ішінде 160 мың адамға кеміп, қазір 548 мың ғана болып отыр. Өңірге көшіп келушілерден көшіп кетушілер көп. Солтүстік Қазақстан облысындағы демографиялық ахуалдың күрделілігі айрықша көңіл бөлуді қажет етеді. Осыған орай өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы 2018 жылы Тұңғыш Президентіміз — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында арнайы қаралып, Үкіметке тиісті тапсырмалар берілген болатын».
Қағазбастылық еңбек күші тапшы өңірлерге көшіп барғандардың да қолын байлауда. Қоныс аударушылар Мәжіліс депутаттарына шағымданыпты. Отбасылар мемлекеттік бюджеттен бөлінетін материалдық көмекті дер кезінде ала алмай ақыр соңы көшуге мәжбүр болады екен.
Еңбек министрлігі енді әлеуметтің әлеуетін көтеретін ұзақ мерзімді шараларды дайындауға кірісті. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жыл сайын қазіргідей 400 мың емес, 700 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік туады екен. Ол үшін алдымен жұмыс орындарын құрудың өңірлік картасын жасалатын болды.
Мақпал РЫСБАЕВА