Шымкентте «Южавтотранс» қауымдастығы мен қаладағы жолаушыларды тасымалдайтын компаниялардың басшылары жергілікті билікке шағымданды.
Олар «бұрынғы қарыздарымызды өтемей жатып, жаңа автобустар сатып алуға мүмкіндігіміз жоқ. Есесіне, коронавирус індетіне қатысты енгізілген карантин шаралары жұмысымызға кері әсерін тигізді»,- дейді .
Автобус компаниясы басшыларының жиналуына негіз болған мәселелердің бірі- «жаңа автобус сатып алмаған тасымалдаушылармен келісімшартты үземіз», – деген қала әкімдігінің ұйғарымы. Жолаушы тасымалымен айналысушылар бұл талапты орындауға қарсы емеспіз, бірақ осыған дейінгі тапсырмамен несиеге алынған автобустардың жалпы қарызын қалай төлейміз деп ашынуда. Шаһардағы №4,111,53 бағытта қызмет көрсететін компания басшысы Бақыт Ермекбаев қала әкімі бұл мәселені шешіп береді деген үмітте.
Карантин кезінде салық пен өзге де төлемдер босатылған тасымалдаушылар қазан айында несие берешегін өтеуге қаражатымыз жоқ, бүгінде 1 млрд теңгеден қарызымыз бар дейді. Басшылар ауысқанымен өзара сабақтастық деген болмай ма деп ашынған олар өз шағымдарын жергілікті прокуратура мен тіпті Президентке де жолдапты.
Қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасындағылар тасымалдаушылар көтеріп отырған мәселе жайында кәсіпкерлік палатасы онлайн өткізген шара барысында білгенін айтады.
Мұхтар ҚОҚАНБАЕВ, қалалық жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басшысының орынбасары: «Келісімшарттар бұзылмайды. Жаңа маршруттарға жаңа автобустар қойылады.Талап бәріне бір. Бұл нарық, шектей алмаймыз».
Басқармадағылар «несиені өтеу бойынша компания басшыларымен кездесуге дайынбыз. Есесіне, әр аптаның сейсенбі күні тасымалдаушылармен жиын өтеді», дейді.
Шынар Оразова