Қоршаған ортаға эмиссия үшiн бюджетке 642 млн. теңге төленген

191

Биылғы жылдың 9 айында Шымкент қаласында қоршаған ортаға эмиссия үшiн бюджетке 642 млн. теңге төленген. Бұл туралы қалалық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы хабарлады.

Жалпы, биылғы жылы қоршаған ортаға эмиссия үшiн төлемдер түсімі 976 млн. теңге көлемінде жоспарланса, 9 айда нақты 642 млн. теңге төлем өндіріп алынған. Яғни, жылдық жоспар 65 пайызға орындалып отыр.

Өткен 9 айда қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат алу үшін басқармаға 568 өтінім материалдары тапсырылған. Оның ішінде 464 өтінім бойынша қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат берілді. Ал, 108 өтінім кері қайтарылған. Тағы 10 өтінімнің орындалу мерзімі әлі аяқталмаған.

Сондай-ақ, басқарма мамандары мемлекеттік экологиялық сараптама жүргізу кезінде тұрақты түрде қоғамдық тыңдау ұйымдастырып отырады. Бұл басқарманың қоғаммен кері байланысын нығайтып, экологиялық ахуалды оңалтуға ықпал етеді. Биылғы жылдың 9 айында осындай 14 қоғамдық тыңдау өткізіліп, тиісті хаттамалар түзілген.