Шымкент: 13 вагонның аударылуы бойынша қылмыстық іс қозғалды

101

Шымкентте аударылған вагондарға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір қалада орын алған осы төтенше жағдайға байланысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Айта кетейік, 24 қазанда түнде 13 вагон жолдан шығып, аударылып кеткен болатын. Салдарынан пойыздардың қозғалысы кешіктірілген еді. Діттеген жеріне жете алмаған жолаушаларға қандай көмек көрсетілді? Ақау орын алған аумақтағы ақуал қалай?

Шымкенте төтенше жағдай орын алған теміржол станциясындағы қолайсыздықтарды ретке келтіруге арнайы үш апаттық пойыз, 200 -ден астам жұмысшы жұмылдырылды. 10 сағатқа созылған қалпына келтіру жұмыстары кезінде 7 жүк, 10 жолаушылар пойызы тоқтап қалды. 1 жарым мыңға жуық жолаушы діттеген жерлеріне уақытында жете алмаған.

Ерғали БАҚАЕВ, Шымкент ТЖД бастығының орынбасары: «Абырой болғанда, зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ. Жолда қалып қойған жолаушыларды тасымалдау үшін автобустар ұйымдастырылып отыр».

Жылжымалы құрамға 21 вагон тіркелген, барлығы бос болған дейді төтеншеліктер. Қазір осынау төтенше жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Құзырлылар тергеу амалдарына кірісті.

Ләззат ҚАСЫМЖАНОВА, ҚР IIM Көліктегі полиция департаментінің ресми өкiлi: «Бұл іс бойынша заң талаптарына сай басқа ақпарат жариялауға жатпайды. Бұл факт ҚК 344 бабы 1-бөлігімен Шымкент стансасының желілік полиция бөлімінің сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Қазір тергеу жұмыстары жүргізілуде».

Темір жол торабындағы оқыс оқиғаның себеп-салдары әлі белгісіз. Қазақстан темір жолы өкілдері он күн ішінде шығын көлемі есептеліп, төтенше жағдайға кінәлілер анықталады дейді.

Мақпал Рысбаева