Үй кезегіне қалай тіркеледі?

312

Қазақстанда коммуналды немесе арендалы үй арнайы кезекте тұрған, сол елдімекенде тұрақты тіркелген ҚР азаматтарына беріледі. Баспана кезегіне тіркелу үшін астанада, республикалық маңызды қалаларда кемінде 3 жылдан бері тұру және белгілі бір санатқа жатуы шарт. Мұның барлығы ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» №94 Заңына сәйкес реттеледі.

Жергілікті әкімдіктердегі тұрғын үй кезегіне мына азаматтар тұра алады:
1) ҰОС ардагерлері;
1-1) Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар;
1-2) Көп балалы аналар мен көп балалы отбасылар;
2) Халықтың әлеуметтік әлсіз топтары;
3) Мемлекеттік және бюджеттік мекеме қызметкерлері, әскери қызметкерлер, ғарышкерлер мен ғарышкерлікке үміткерлер, арнайы мемлекеттік орган қызметкерлері;
4) Жалғыз үйі ҚР заңнамасы бойын-ша апатты ден танылған ел азаматтары.

Әлеуметтік әлсіз топқа жататындар:
1. ҰОС ардагерлері;
2. І-ІІ топ мүгедектері;
3. Мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеуші отбасылар;
4. ҚР Үкіметі бекіткен тізімдегі кейбір созылмалы дерттің ауыр түрлерімен ауыратын тұлғалар;
5. Зейнеткерлер;
6. Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар;
7. Оралмандар;
8. Экологиялық, табиғи және техногенді апат салдарынан үйінен айрылғандар;
9. Көп балалы аналар мен көп балалы отбасылар;
10. Қоғамдық және мемлекеттік міндеттерді, әскери қызметті атқару кезінде, ғарышқа дайындық немесе ұшу барысында, адам өмірін құтқаруда, құқықтық тәртіпті сақтау кезінде мерт болған тұлғалардың отбасы мүшелері;
11. Толық емес отбасылар.

ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 67-бабына сәйкес, үй алу үшін әлеуметтік әлсіз топқа жататын отбасының әр мүшесіне шаққандағы соңғы 12 айдағы табысы тиісті қаржы жылындағы ең төменгі күнкөріс шегінің 3,1 есе мөлшерінен аспауы тиіс.

p.s. 2020 жылғы ең төмен күнкөріс шегі – 32 668 теңге
32 668 х 3,1 = 101 270,8 теңге
Айта кетейік, тұрғын үй алу үшін ең төменгі күнкөріс шегінің 3,1 есе мөлшері коэффициентінің ерекше бала тәрбиелеуші отбасыларға қатысы жоқ.
(ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 67-бабы)
Баспана кезегіне тұру үшін ХҚКО-на барып, өтініш жазу керек.

Қажет құжаттар тізімі:
1) Бекітілген үлгідегі өтініш;
2) Өтініш берушінің және отбасы мүшелерінің жеке куәлігі мен паспортының көшірмелері;
3) Неке қию (ажырасу) куәлігінің, балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмелері;
4) Баланың мүгедектігін растайтын анықтаманың көшірмесі;
5) Өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінің атында жылжымайтын мүлік жоқ екенін растайтын анықтама.

Ескеретін жайт. Өтініш беруші мен оның отбасы мүшелері тұрғын үй кезегіне тұратын елдімекенде кемінде 3 жыл бойы тіркеліп, тұруы тиіс.