Заңсыз айналымнан 32 аңшы мылтығы алынды

124

 

Бүгінде ел арасында тіркелмеген, заңсыз сақтаулы тұрған атыс қарулары жоқ емес. Суық қаруды сақтаудың соңы кейде қайғылы жағдайларға да соқтырып жатады. Осындай қылмыстардың алдын алу мақсатында тәртіп сақшылары арнайы іс-шаралар ұйымдастыруда.

Жуырда Түркістан облысының аумағында «Қару» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілгені белгілі. Тіркелмеген қаруды заңсыз сақтау және сату жайттерін анықтау, атыс қаруын қолдану арқылы жасалған қылмыстардың алдын алу, олардың жолын кесу мен ашу, қарудың заңсыз айналымымен айналысатын адамдар мен қылмыстық топтарды, басқа да құқық бұзушылықтарды анықтау басты мақсат болып табылады.

«Қару» жедел алдын алу іс-шарасының алғашқы күндері нәтижелі аяқталды.  Әкімшілік полиция қызметкерлері заңсыз айналымнан 32 аңшы мылтығын, 1 шолақ мылтық, 1 газ тапаншасы мен оқ-дәрілерді тәркіледі. Оның ішінде заңсыз сақталған 7 қаруды жергілікті тұрғын ерікті түрде полицейлерге тапсырған.

Сонымен қатар, «Қару» жедел алдын алу іс-шарасы аясында тәртіп сақшылары 6672 қару иелерінің қаруды сақтау ережелері бойынша тексерді. Сондай-ақ, тексеру барысында тәртіп сақшылары лицензиялық-рұқсат беру жүйесінің 365 бұзушылығын анықтады.

Мысалы, Отырар АПБ қызметкерлері қаруды сақтау ережелерін бұзғаны үшін 5 адамға және қарудың тіркелу (қайта тіркеу) тәртібін бұзғаны үшін 2 қару иесіне шара көрді. Сондай-ақ, тіркелмеген қаруды заңсыз сақтау және алып жүру жайты бойынша құжаттар сотқа жіберілді. Құқық бұзушыларға қатысты Отырар ауданының полицейлері 100 мың теңгеден астам әкімшілік айыппұл салды.

Тәртіп сақшылары тіркелмеген қаруларды өз еркімен тапсыруды ескертеді. Заң бұзған жағдайда арқалайтын айыппұлдың көлемі де аз емес.