Шымкент: Қыз ұзату ұйымдастырғандар анықталды

144

 

Ағымдағы жылы 25 қараша күні Шымкент қаласы Тәуке хан даңғылы бойында орналасқан «777 (7 бочек)» мейрамханасында қыз ұзату тойы ұйымдастырылғаны анықталды. Салтанатты шараға шақырылмай кіріп барған тәртіп сақшылары жиында 100-ге жуық адамның болғанын анықтаған.

Полицейлер аталған жайтқа қатысты карантин талаптарын бұзған азаматтарға ҚР ӘҚБтК-нің 425–бабы «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу» бойынша хаттама толтырды. Жинақталған іс-құжаттар Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.

Шымкенттік полицейлер тұрғындарды карантин кезінде заң талаптарына сәйкес әрекет етіп, адамның көп шоғырлануына жол бермеуге шақырады. Айта кетейік, карантин режимі енгізілгелі бері Шымкент қаласы Полиция департаментінің аудандық Полиция басқармаларының қызметкерлерімен және арнайы құрылған мобильді топпен жалпы 910 құқықбұзушылық анықталған.