Үйленем» деп айтып, алдап кетті»

103

Қызым есейген сайын көп сұрақ қояды. Сұрақтарының біріне жауап берсем де тағы біріне жауап бере алмай тосылып қаламын. Ол күн өткен сайын әкесін жек көріп барады. Әкесін жамандамасам да оны ешқашан кешірмейтінін айтады». Редакциямызға хабарласқан оқырман әңгімесін осылай бастады. Кейіпкер хикаясын қаз-қалпында жазып алып, жариялап отырмыз.

Әңгімені әріден бастайын. Жас кезімде шалыс бастым. Анамның «сол туған күнге бармай-ақ қой, алдағы емтиханыңа дайындал» деген сөзіне мән бермедім.

4-курс оқимын. Жатақханада бірге тұратын құрбыма еріп, оның бөлесінің туған күніне бардым. «Сол туған күн өмірімді 180 градусқа өзгертеді» деп кім ойлағын?
Кшкентайымнан сабақты 4 пен 5-ке оқыдым. Кез келген жағдайға жауапкершілікпен қарайтын қыз боп өстім. Анамның тәрбиесі сол еді.
Студент болып, басқа қалаға кетсем де қайда барып, не істеп, не ішіп-жеп жүргенімді бәрін анама айтып отыратынмын. Өмірімнен күнделікті есеп беріп отырдым. Анам соны талап етпейтін. Бала күнімнен қалыптасқан әдет болса керек. Сол күні де құрбымның бөлесінің туған күніне баратынымды айттым.
Неге екенін қайдам, ана жүрегі бір жағымсыз жағдайды сезді ме, сол отырысқа бармауымды өтінді. Мен оған алаңдамауын, сол жерде мені танитын адамдардың да болатынын айттым. Ойыма ештеңе де келген жоқ.
Сол кезге дейін бөлмемізде қыздармен бірнеше рет сыра ішкеніміз болмаса оған да онша әуестігіміз жоқ еді. Бөлесі туған күнін алаңсыз ойнап-күліп өткізу үшін пәтер жалдапты. Бізден 3 жас үлкен. Оқуын бітіріп, жұмыс істейтін. Мен құрбым арқылы танысқанмын. Кейде сыртта кездесіп, шай ішіп тұратынбыз. Сондықтан да туған күніне сыйлап шақырып тұрған соң бармауды ұят санадым. Туған күнге барып, сол жерде бір жігітпен таныстым. «Өте мәдениетті» дерсіз. Қыздардың бәріне ілтипат танытып, бар жағдайын жасап, күтіп отырды. Әсіресе маған құрметі ерекше болды. Мен оны сезіп отырдым. Қайта-қайта биге шақырып, мен жайлы көбірек сұрап, кез келген сұрағына жауабымды аса ықыласпен тыңдап, арасында маған таңғала мақтаған сөздері, шынымды айтсам, майдай жақты. «Оның мәдениеттілігі басымды айналдырды» десем өтірік айтқаным болмас.
Осылайша туған күн аяқталғанға дейін әңгімеміз өте жарасты. Қайтарда құрбым екеумізді жеткізіп салды.
Сол күннен бастап, ол жігіт күнде хабарласады. SMS арқылы сөйлестік. Бір айда мен оған қатты бауыр басып қалдым. Ол хабарласпаса, бір нәрсе дұрыс болмай тұрғандай күй кешемін. Хабарласса жеңілдеп қаламын. Менен бақытты адам болмайтын. Туған күннен кейін біз бір-ақ рет кездестік. Содан кейін тек телефон арқылы сөйлесіп жүрдік. Бір күні ол мені тағы да кездесуге шақырды, Кафеге барып тамақтандық. Екеуміз де аздап сыра іштік. Жатақханаға қайтар жолда «бір досының туған күні болып жатқанын, соған бірге кіріп құттықтап шығайық» деп өтінді. Келістім. Біз барған туған күн де пәтерде өтіп жатыр екен. Сол жаққа барған соң, ол тағы да біраз сыра ішті.
Сосын басқа бөлмеге барып, маған қатты ғашық болып қалғанын айтты. Жақын арада үйленетінімізді, бірге болуымды өтінді. Сол сәтті анық есіме түсіре алмаймын, өйткені мен де туған күнге келген соң біраз ішкен едім. Таңертең бірге оянғанымда өкіндім. Оянған сәттен бастап ол жігіттің түрін айтып жеткізе алмаймын. Мүлдем басқа адам сияқты. Бәрі мастықтың кесірінен болғанын, үйленгелі жүрген қызы барын, бұл жағдайды жылы жауып қоюымыз керек екенін айтты.
Басым мең-зең. Бір жағынан оның сөздері жаныма батып барады. Мен тауым шағылып, сол пәтерден жылап шықтым да жатақханаға тарттым. Бірнеше күн төсектен тұрмай жылап жаттым.
Бәрі кеш еді. Ол маған ештеңені зорлап жасатпады. Бәріне өзімді кінәладым. Анамның сенімін аяқ асты еткеніме қатты ызаландым. Оқу бітіретін сәт те жақындап қалған. Емтихандарымды әупірімдеп 3 пен 4-ке жаптым. Уақыт өткен сайын тамаққа тәбетім қашып, өзімді жайсыз сезінетін болдым.
Мұны «күйзеліске түсу» деп түсіндім. Алайда бұлай болмай шықты. Бір күні ішкен-жегінімді құса берген соң құрбым екеуміз күдіктендік.
«Мүмкін жүкті болып қалған шығармын» деп ойландым да тест сатып алдым. Иә, солай болып шықты. Бұдан кейін тіптен ауыр күндерім бас-талды. «Баланы алдыртып салсақ па» деп ойландым. Бір жағынан қимадым. Әрі жүкті болғаныма 3 айдан асқан екен.
Ойлана келе сол жігітке хабарластым. Оған «сенің балаңа аяғым ауыр» деп айтқанымда күтпеген жауап естідім: «Менің балам екенін кім біліпті» деп сенбестік танытты.
Сосын «Баланың дүниеге келуін қалайсың ба, жоқ па» соны сұрадым. Алайда ол қаламады. Тіпті әкелік құқығынан бас тартты. Ол кезде үйленіп те алған екен. Әйелі бақуат жердің қызы. Олар бәрі мені кінәлады.
Осы жағдайдан кейін бәрін анама айтуым керек екенін түсіндім. Оны шақырдым. Болған жағдайды қинала жеткіздім. Анама да ауыр соққы болды. Бірақ мені жәбірлемеді. Қайта маған қолдау көрсетті. Менің жаныма келді. Баламды бірге өсіретінімізді айтты. Ауылдағы үйін сатып, біз бірге тұра бастадық. Балапанымды аман-есен дүниеге алып келген соң, мен жұмыс істедім. Анам балама қарап берді. Ол әрқашан маған қолдау көрсетті. Қателігімді ешқашан бетіме баспады. Әрине, артымыздан сан мыңдаған сөз ерді.
Өсек әңгіменің барлығы бізді ауру қылды. Алайда бір-бірімізге берген уәдемізде тұрып, ештеңеге мән бермей, алға қадам басуға тырыстық.
Жаратқанға мың да бір шүкір, қазір қызым 8 жаста. Ақылды, әдемі қыз болып өсіп келеді. Әкесінен аумайды. Оған қараған сайын әкесін көргендей боламын. Алайда әкесі қызын осы 8 жылда бір де бір рет іздеп келген емес. Естуімше отбасымен бірге күн кешіп жатыр екен.
«Бақытты болсын, бізге жасағандарының зардабын Жаратқан берсін» дедім. Болды. Ол адамды басқаша қарғаудың да қажеті жоқ.
Біреуге қарғыс тілегенше, қызымның амандығын тілеп, балапаным тағдырымды қайталамауы үшін барын жасаймын.
Қызыма әкесі туралы бар шындықты айтпадым. Мінезіміз жараспай, екі жаққа кеткенімізді айттым.
Бала ғой, жан-жақтан құлағына түрлі сыбыс жететін сияқты. Соңғы кездері әкесіне қатысты сұрақ қоюы жиіледі.
Тосылып қалатын сұрақтар қояды. Не айтарымды білмей үндемей қаламын. Шындықты білуі үшін әлі кішкентай сияқты.
Қазір ол маған «әкемді жек көрем, оны ешқашан кешірмеймін» деп жиі айтады. Оның жеккөрініш сезімімен өскенін қаламаймын.
Егер сол кезде анамның туған күнге бармауымды айтқан сөзін тыңдасам, мұның ешқайсысы болмас еді?! Бірақ қызыма қараймын да бәрін ұмытамын.
Сөз соңында айтарым, бәрінің анасы менің анам сияқты түсінік таныта бермесі анық. Әррбір қыз мұндай қиындыққа қасқая қарап тұрмайды.
Сондықтан да шалыс баспауын тілеймін.
Ал баламның әкесін жаратөанға тапсырдым. Ол әкелік құқығынан бас тартқан кезде оның қандай адам екеніне көзім жеткен.
Содан кейін жігіттерге де сенбеймін. Бар арманым – қызыммен бақытты болу.

Жазып алған – Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат», №47, 19 қараша 2020 ж