«Заман не болып бара жатыр? Қарияларымыз қарттар үйін, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетімдеріміз балалар үйін паналаса, қазақи болмысымыз, мейірімділігіміз қайда?»- дейді бүгінгі кейіпкеріміз. Бес баланы қамқорлығына алған Қызайым Байғазиевамен тілдесіп қайтқан едік.
Кездесуге уәделескен уақытта шымкенттік Қызайым Байғазиеваны немерелерімен уақытша тұрып жатқан баспанасының алдында кезіктірдік. Әңгіме барысында жол көлік оқиғасында қаза болған күйеу баласынан кейін 3 ай өте қызының аты жаман аурудан көз жұмғанын білдік. Өмірден озар алдын 43 жасқа аяқ басқан қызы балаларын анасына аманат еткен екен.
Қызайым БАЙҒАЗИЕВА, 5 баланың қамқоршысы: «Уақытша болса да, үй алдың, әлі жазыласың дегенде қызым: «Сіздің арқаңызда. Мен жүріп кетсем, балаларды «детдомға» бермеңіз, жуынды берсеңіз де, бағыңыз»- деп өтініш жасаған».
Аналары қайтқанда, Мирас 9 айлық еді. Биыл қарашаның жетісінде 4 жасқа толған. Нағашы апасының қамқорлығында. Ата-аналарынан айырылған 5 баланың үлкені 20-дағы бойжеткен 3-ші курс студенті. Қолы босында үй шаруашылығына араласып, бауырларына бас көз болады.2 сіңлісі мектеп оқушылары, 16 жастағы інісі колледжде оқиды. Бастапқыда жауаптылар балалардың тәрбиесін 70-ке келген Қызайым апаға сеніп тапсыруға екі ойлы болыпты.
«Қарақтарым, берген үйлеріңді, балаларға тағайындаған жәрдемақыларыңды алыңдар. Мен балаларды «детдомға» бермеймін. Жаман болса да, қирап тұрған Бәйдібек ауданындағы қара шаңыраңымызға алып кетемін дедім. Кейін райларынан қайтып қалдырды»- дейді сол қиын күндерді есіне алған Қызайым апа.
Әзірге отбасы 4 бөлмелі пәтерді уақытша паналауда, баспана кезегінде 608-ші болып тұр. «Алла қаласа, көзімнің тірісінде балаларым өз үйлерінде, тұрса арманым жоқ»,- дейді ақ жаулықты ана.
«Атам қазақ жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған. Сондай халықпыз, балалардың маңдайынан сипап, жылатпаңдар, тастамаңдар. Жазда 27 күн қатты ауырдым, пневмониямен. Айықтым дерттен, Алланың құдыреті, жетім қалған бес баланы аяққа тұрғызсын деп мені тірі қалдырған болар. Шүкір».
«Немерем, мына менің бес шырағым
Осылар үшін бір құлап, бір тұрамын.
Жетіліп,осы балалар азамат болып
Алладан күндіз түні сол сұрадым»
Бұл өлең шумақтарын Қызайым апа мектепте өткен әжелер сайысында оқып, жүлдегер атанған екен. Тағдырдың тауқыметін тартқан жерлесіміз өмірге деген құштарлығын жоғалтпаған. Оған негіз де бар. Бар арманы мен тілегі ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған 5 немересін аяққа тұрғызу.
Шынар Оразова