Мектеп бітірген жетім балалардың жартысынан көбі ЖОО-на түспеді

333
Түлектердің ЖОО-на жолдама алу сәті

Жәнібек Құдайберген – Сайрам ауданына қарасты «Бауыржан отбасылық негіздегі балалар үйінің» түлегі. Оның арманы техника мамандығын меңгеру. 17 жастағы бозбала ҰБТ-да шектік баллдан жоғары жинаған. Егер облыс әкімінің жолдамасы берілмегеннің өзінде де мен оқудан бас тартпас едім дейді ол. Арманы асқақ талапкер қуанышын жасырмай жүр. Айтпақшы, ол бүгінде Қазақстан инженерлі-педагогикалық университетінің студенті атанды.

Жәнібек Құдайберген
Жәнібек Құдайберген электр энергетикасы саласын меңгермек

Жәнібек Құдайберген, «Бауыржан отбасылық негіздегі балалар үйінің» түлегі: «Қуанышты, бақытты және өзімнің арманыма бір табан жақындай түскендей үлкен сезімде тұрмын. Электр энергетикасы деген мамандық бойынша 61 балл жинадым. Енді оқуға да түсіп жатырмын. Болашақта осы өзімнің таңдаған мамандығым бойынша, жақсы оқып, жақсы өзімнің мамандығымның иесі болып, жақсы жұмысқа орналасып, жақсы адам болып кету».

Ата-анасының қамқорынсыз қалса да, олар қоғам назарында. Биыл жетім және мемлекет қамқорлығына зәру мектеп бітірген 79 түлекке ОҚО әкімі А. Мырзахметов тегін оқу мүмкіндігін беретін сертифиакаттар тапсырған.

Биыл ОҚО-да
Биыл ОҚО-да  275  жетім баланың 133-і ҰБТ тапсырған

Биыл ОҚО-да 275 ( олардың 51-і балалар үйінің түлектері)  мемлекет қамқорлығын қажет ететін оқушы мектеп бітірген. Олардың 133-і ҰБТ тапсырған. 79 түлек 50 балдан жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Бұл былтырғымен салыстырғанда 24 балаға артық. Және олар оқу орнының тағайындаған шәкіртақысымен ғана емес, облыстық жасөсіріпімдер үйінен қаралған тегін жатақханамен де қамтамасыз етіледі. ОҚО Білім басқарма басшылығының айтуынша, межелеген шектік балдан өте алмағандар да оқудан шет қалмайды. 157-сі орта арнаулы оқу орнына түсетін болады. 13-і жұмысқа орналастырылып жатыр. Ал 26 түлек республиканың басқа өңірлеріндегі ЖОО-на жолдама алған.

Серік Әуесханов, ОҚО Білім басқармасы бастығының орынбасары: «ҰБТ -да шектік балға жете алмағандар, шет қалмайды. Міндетті түрде облыс әкімінің қолдауымен осы біздің орта білім беретін арнаулы оқу орындарында, яғни колледждерде тегін білім алуға толық мүмкіндік жасаймыз. Бұл жерде оқушылар өз таңдауы бойынша оқуға барады. Біз тек гранттар ұсынып жатырмыз, ол жерде мамандық көрсеткен емеспіз. Әр жоғарғы оқу орнындарына бөліп қойғанбыз. Сол ЖОО-ға барғаннан кейін, өздерінің жаңағы мамандықтарына сәйкес, сол мамандықтарды оқитын болады».

Тестілеуде 59 балдан жоғары көрсеткішке ие болғандар осылайша облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың білім грантынына ие болып отыр. Өңіріміздегі 11 беделді жоғарғы оқу орындарына жолдама алып, өздерінің қалаған мамандықтарын меңгеретін болады. Ата-анасының қамқорынсыз қалған жастолқынның жоғары білім алуын облыстық білім басқармасы қадағалайды.