Жүргізушілерді алкогольге тексеру ережелерінен «рұқсат етілген промилле» алынып тасталды

147

2020 жылғы 10 желтоқсанда күшіне енетін жаңа құжатта «рұқсат етілетін промилле» болмайды.

«Рұқсат етілетін промилле» деген термин Қазақстанда бұрын да болмаған. Жүргізушінің алкоголь не психотропты зат қабылдағанын анықтау үшін өткізілетін медициналық куәландыру ережесінде алкогольдің қандағы мөлшеріне қатысты кесте берілген. Онда алкоголь мөлшері 0.5-тен 1.5 промилле болса жеңіл мастық болып есептелетіні жазылды. Яғни, алкотестер 0.5 промиллеге дейінгі мөлшер көрсетсе, жүргізуші сау саналатын. Соның нәтижесінде «рұқсат етілетін нормалар» деген түсінік қалыптасты.

Құжаттың жаңа мәтінінде кесте жоқ. Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері Kolesa.kz тілшісіне промилле бойынша жікке бөлу тек ұсыныс ретінде берілгенін хабарлады. Мамандардың сөзінше, соңғы жылдары көп дүние өзгеріп, зерттеу типіне байланысты түрлі нәтиже беретін жаңа құрылғылар қолданыла бастады. Сондықтан бұрынғы стандартқа сүйенудің қажеті жоқ.

Үрлеген ауадағы алкоголь мөлшері медициналық қорытынды жасауға негіз болмаған, ол тек қосымша аспап ретінде қолданылды. Жаңарған ережеде де жүргізушінің ішімдік ішкенін не есірткі қабылдағанын тексеру бұрынғы тәртіпте өтеді:

Қорытынды жасауға көлік тізгіндеген азаматтың психикалық және соматоневрологиялық (сырт кейпі, сөйлеуі,терісі, көзінің шырышты қабығы, тілі, тершеңдігі, тыныс алуы, қан қысымы, жүрісі және т.б.) жағдайы негіз болады.
Қосымша үрлеген ауаға талдау жасалады.
Қан не зәр сараптамасы даулы жағдайларда жасалады.

Еске сала кетейік, заңнамада автокөлікті мас күйде басқаруға тыйым салынған. Ол тек кешенді тексеріс нәтижесінде анықталады. Яғни, егер жүргізушінің қанында не ол үрлеген ауада алкоголь бары анықталса, бірақ ол медицина қызметкерлерінің сынағынан өтсе, қорытындыда ішкен, бірақ сау деп жазылады. Бұл жағдайда көлік тізгіндеген азамат жауапқа тартылмайды.

Егер жүргізушінің мас болғаны анықталса, алайда мұндай шешіммен азамат келіспесе, онда екі сағат ішінде тәуелсіз сараптамадан өтіп, сау екенін дәлелдеуі қажет. Айта кетерлігі, куәландыру тек мемлекеттік медицина мекемелерінде өтеді.

Ең бастысы — қандай жағдай болмасын, алкоголь не есірткіге тексеруден бас тартпау керек. Әйтпесе 15 тәулікке түрмеге қамалып, 8 жылға жүргізуші куәлігінен қағылуыңыз мүмкін. Бұл әрекетті бір жыл ішінде қайталасаңыз 20 тәулікке қамалып, 9 жылға көлік жүргізу құқығынан айырыласыз. Тәртіп сақшысының қолындағы алкотестер соңғы үкім емес, сіз медициналық мекемеде сараптама жасауды талап ете аласыз.