Халықтың мұң-мұқтажы – басты назарда

123

 

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков кезекті рет онлайн режимде тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады. Қала басшысының қабылдауында бұл жолы баспана мәселесіне қатысты мұң-мұқтаждарын жеткізген 12 азамат болды. Барлығына заң аясында кеңес беріліп, тиісті басқарма басшылығына мәселелердің қадағалауға алынуы тапсырылды.

5 баланың анасы Еркінай Көшкінбаеваны да баспана мәселесі толғандырады. Отбасы 3 жыл қалада тұрғылықты мекен-жай бойынша тіркеліп, үй кезегіне тұруды күтіп келген. Алайда, көршісінің үйін өтініші бойынша уақытша өз атына тіркеткендіктен, кезекке қою мүмкіндігінен айырылып отыр. Ерғали Дәулетбекұлы қателігіне күйінген көп балалы ананың мәселесін құзырлы басқарма басшыларына заң аясында шешуді тапсырды.

Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтерлер белгіленген тәртіп негізінде кезекпен беріледі. Кезекке тіркелу үшін азаматтың тиісті санаттардың бірінде және тұрғылықты мекен-жайы соңғы үш жыл көлемінде Шымкент қаласында болуы тиіс. Иелігінде соңғы бес жыл көлемінде тұрғын үй тіркелмеуі шарт. Бүгінгі таңда Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй алу тізімінде 42 мыңнан астам азамат тіркелген. Арендалық үйлер көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтары мен жұмыс істейтін жастарға қарастырылған. Сонымен қатар, «Шаңырақ 5-10-20», «5-20-20», «7-20-25» жеңілдетілген несие бағдарламалары негізінде тұрғын үйге қол жеткізуге болады.