Шымкент қаласындағы «SHANYRAQ» отбасын қолдау институты орталығында аналарға арналған тігін курсының шеберханасы ашылды. Жоба «Ана жолы» қайырымдылық қорымен бірлесе жүзеге асырылды.
Бұл жерде өмірлік қиын жағдайға түскен қыз-келіншектер тігіншілік оқу-курсына тегін қатыса алады. Қазіргі таңда, үш айлық курсқа 10 адам қатысуда. Олардың арасында ерекше күтімді қажет ететін балалардың анасы мен жұмыссыз көпбалалы аналар бар.
Оқуды тәмамдаған аналарды тұрақты жұмыспен қамту мақсатында жергілікті тігін фабрикасымен келіссөз жүргізілді. Ал, отбасылық жағдайына байланысты сыртта жұмыс істей алмайтын әйелдерге демеушілер тарапынан тігін машинасымен қамтылады. Ұйымдастырушылар жыл аяғына дейін осы курсқа 40-50 адамды қатыстыруды көздеп отыр.
Сонымен қатар, осы жылдың наурыз айында «Шаңырақ» орталығында кондитерлік, аспаздық курстарының ашылуы жоспарланған. Қазір жергілікті кондитерлік дүкендермен келіссөздер жасалу үстінде.
Айта кетсек, бұған дейін тігінге арналған орын «Самғау сенім» орталығында ашылған болатын. Жобаны жүзеге асыруға іскер әйелдер кеңесінің мүшелері атсалысқан. Қазір бұл жерде өмірлік қиын жағдайға түскен қыз-келіншектер тігін тігуді серік етіп, еңбек терапиясынан өтіп келеді.