«Shanyraq» орталығы әйелдер кәсіпкерлігіне қолдау көрсетуде

138

Бүгін «Shanyraq» Отбасы институтын қолдау орталығында «Даму» ЖҚБ төрайымы Айгүл Елібаева тұрақты түрде жүргізіп отырған қаржылық сауаттылыққа баулу курсының кезекті сабағы өтті.

Айгүл Елібаева өзінің ақысыз курсына көпбалалы аналарды жинап, 25 қыркүйектен бері Орталықта тегін дәріс беріп келе жатыр. Бүгінгі кездесу жеке қаржылық жоспар тақырыбына арналды.

Оның айтуынша, әр адам қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізу үшін қаржылық сауаты болуы керек және жеке қаржылық жоспары мен мақсатын қоя білуі тиіс. Белгілі бір мақсат қою арқылы кез келген адам өзінің бойында жасырын жатқан күш-қуатын іске қосып, өз қабілеттерін толық пайдалану жолымен жетістікке жетпек.

Кездесу барысында төрайым әр адам өзінің зейнет жасына қор жинап, әр тапқан табысының 10 пайызын сақтап отыруы қажет екенін айтты. Сонымен қатар қаржылық тәртіп, капитал жинау формуласы, күрделі процент калькуляторы сияқты дүниелерден де мағлұмат берілді. Әр қатысушыға өзінің 150 арман-мақсатын тізіп жазып шығу туралы тапсырма берілді. Келесі аптадан бастап Айгүл Елібаеваның бизнес тренингі онлайн форматта өтпек.

Сондай-ақ «Shanyraq» Отбасы институтын қолдау орталығында «Зорлық-зомбылықсыз отбасы» акциясы бойынша дөңгелек үстел өтті. «Самғау сенім» орталығының директоры Фарида Байзахованың айтуынша, отбасында зорлық-зомбылық көріп, шаңырағы шайқала бастаған 7 әйелдің 14 баласымен бірге орталықты паналап жүргенін, олармен түрлі мамандар жұмыс жүргізіп отырғанын баяндады. Отбасында қиындық көрген аналар уақытша қолдау алу, психолог кеңесін алу арқылы өз шаңырағын сақтау үшін осы жерде барынша жәрдем алуда.

Дөңгелек үстелге жиналған түрлі мекеме өкілдері келешекте отбасының жүрегі – әйел-аналарымызды қорғап-қолдау мақсатында бірлесе жұмыс жүргізуге барынша күш-жігер салу туралы қорытынды жасап тарқады.

 

QAINAR KÓZШымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы