«Шымкент BUS» компаниясының жүргізушілері жұмысқа шықты. Компания басшылығымен жүргізілген келісім нәтижесінде ақпаннан бастап автобус жүргізушілері 200 мың теңгеге жуық жалақы алатын болды. Жан айқайларына құлақ асып, мәселенің тез арада шешілуіне ықпал жасаған қала басшысына алғысын айтқан жүргізушілер наразылық шарасы үшін қалалықтардан кешірім сұрады.
Қала әкімі уәде еткендей, жалақыны көтермесе жұмысқа шықпаймыз деген «Шымкент BUS» компаниясының жүргізушілерімен Түркістан сарайында кеше кешкісін кездесті. Жиынға қалалық еңбек инспециясы басқармасы, кәсіподақ ұйымының өкілдері мен көлік компаниясының басшылығы қатысты. Кездесуде дауға себеп болған жүргізушілердің айлықтары қалай есептелетінін түсіндірілді
Көлік компаниясы есепшісінің айтуынша 2020 жылдың қарашасына дейін жүргізуші жұмыс істеген 1 сағатына 730 теңге алған болса, былтыр қараша айынан ол көрсеткіш 860 теңгені құраған. Компания 1 -ші ақпаннан бастап жүргізушінің 1 сағат жұмысы үшін енді 1100 теңге төлейтін болыпты. Бір күнде 12 сағат 15 күн жұмыс істесе- 199800 теңге алатын болды.
«Шымкент BUS» компаниясының жүргізушісі: «Контролер етіп 55 жастағы анамды алып жүрмін, әкем мүгедек, отбасын өзім асырап отырмын. 180-190 мыңды наразылық шарасынан кейін қойып отыр. Осыған дейін көтеруге болмас па еді? Бізге де қиын, мәжбүр болдық. План мәселесін шешіп беріңіздер».
«Шымкент BUS» компаниясының көлік жүргізушісі: «Бұл салада 25 жыл істеп келемін. Бұл мамандықты өзіміз таңдадық. Қазір шындықты айтайық, қалтаңда қанша қалады 10 мың теңге ме? Бәріміздің бала-шағамыз бар. Кеше мен болмадым. Бүлік шығарған жастар… ұнамаса, жұмыстан шықсын. Оны да айтып жатқан жоқ қой. Қанағат болу керек… Осыған дейін сақырлаған автобусты да айдадық. Адал қызмет ету керек қой».
«Ашықтық, диалог жоқ жерде наразылық туындайтыны анық», — дейді жиынға төрағалық еткен қала басшысы. Сондықтан да бұл мәселені түпкіліклті шешу мақсатында екі тараптың да уәжі тыңдалды.
Азат ҚАЙЫПБЕКОВ, «Шымкент BUS» компаниясының бас директоры: «Уақытша ыңғайсыздықтар үшін барлықтарыңыздан кешірім сұраймыз. Алдын жоспар 21 мың теңге болатын. Төлем картасы енгізілгеннен бері, қолма-қол ақшаны кассаға тапсыру міндеті жүктелген болатын, алайда жүргізушілер бас тартып, № 45 маршруттың жүргізуші барлық түскен ақшаны тіпті үйіне алып кетті».
Жұмыс барысында туындаған мәселелер заң шеңберінде шешілуі тиіс деп атап өткен шахар басшысы орынбасары Мақсұт Исаховқа көлік компаниясындағы жағдайды реттелгенше қадағалауды тапсырды.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Мен барлықтарыңызға ашықпын. Осында еңбек инспекциясы, депутаттар, кәсіподақ ұйымының өкілдері отыр. Қандай да мәселе болмасын, оны ақылдасып шешуге болады. Сондықтан да түсіністікпен қарайық бір-бірімізге».
Шынар Оразова