Бүгін Шымкент қалалық мәслихаттағы «Nur Оtan» партиясы фракциясының отырысы өтті.
Фракция мәжілісінде «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының сайлауалды бағдарламасы аясында жасалынған «Жол картасын» іске асыру тетіктері талқыланды.
5 жылға жоспарланған 149 іс шараның сала бойынша орындалуы ағымдағы жылдан бастап кезең-кезеңге бөлінді.
2025 жылға дейін Шымкент аумағында 35 кәсіпорынды іске қосып, 80 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы саласында 42 жоба жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар, алдағы бес жылда 3 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, көпбалалы аз қамтылған 3 мыңға жуық отбасы баспанамен қамтылады.
«Nur Otan» партиясының Шымкент қаласы бойынша сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі жол картасында көрсетілген 2021 жылы атқарылуы тиіс жұмыстарға жауапты басқармалар, аудан әкімдері мен депутаттар бекітілді.
«Жол картасы» бағдарламасына енгізілген шаралардың орындалуы бойынша депутаттар мен басқарма басшылары, аудан әкімдері жарты жылда есеп беретін болды.
Шынар Оразова