Шымкентте медициналық ұйымдар жаңа ақпараттық жүйеге көшті

88
Фото: Береке СЕЙІТЖАППАР

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қаладағы бірқатар денсаулық сақтау мекемелерін аралап, әлеуметтік саланың қазіргі жағдайымен танысты. Қала әкімі алдымен денсаулық сақтау басқармасының «№ 6 қалалық емхана» МКК-де болды.

Ауысымына 500 келушіні қабылдайтын емхана халыққа қолжетімді, сапалы және қауіпсіз қызметтермен амбулаториялық және стационарлық көмек көрсетуде. Емханаға тіркелген тұрғындар саны – 72 173.

Бүгінгі таңда емхана 100 пайыз ақпараттық жүйеге қосылып, барлық бағыттағы қызмет электронды түрде көрсетілуде. Тұрғындар дәрігерге жазылу, дәрігерді үйге шақырту, зертханалық талдаулар қорытындысын алу, дәрі-дәрмек рецептісі және т.б. қызметтерді жаңа жүйемен алады. Яғни, мұнда елімізде алғашқы болып жүкті әйелдердің мониторингі автоматтандыру жүйесіне көшті.

Бас дәрігер А. Қылышбаева аурудың алдын алу, пациенттердің денсаулықтарын бақылауда ұстау және оларға талдау жасау мақсатында ашылған ситуациялық орталықтың жұмысын түсіндіріп берді.

– Ақпараттық жүйе арқылы бізде тіркеуде тұрған әрбір пациенттің денсаулық жағдайын қадағалауға мүмкіндік бар. Мәселен, босанған ананың перзентханадан шыққан күні, ана мен баланың денсаулық жағдайы секілді ақпараттарды уақытында біліп отырамыз. Оған талдау жасалады. Ары қарай мамандарымыз ана мен баланың денсаулығын өз бақылауына алады. Яғни, онлайн режимде барлық ситуациялық жағдайларды назарда ұстаймыз, – дейді бас дәрігер.

Сондай-ақ, мекемеде емдеу-денешынықтыру кабинеті, балаларға арналған арнайы алаңша, медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде тегін және жеңілдетілген дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ететін дәріхана жұмыс істеуде.
Емхана бүгінде барлық қажетті материалдық-техникалық жабдықтармен жабдықталған. Жыл басындағы жағдай бойынша мекеменің жабдықтау көрсеткіші – 79,08 %. Медициналық техниканың тозуы – 61 %, негізгі құралдардың тозуы – 39,40 %, медициналық техниканы пайдалану тиімділігі –86,12 % және компьютерлермен жабдықталуы 70,15 % — ы құрайды.