Түркістандық колледждер Face ID ақпараттық жүйесіне қосылып жатыр

10

Түркістандық колледждерде FACE ID ақпараттық жүйесі енгізіліп жатыр. Ол студенттердің сабаққа қатысыуы мен білім алу сапасын бақылауға көмектеседі. Қазірге дейін жергілікті кәсіптік білім беру ұйымдарының 50 пайызға жуығы аталған бағдарламаға қосылып үлгерді.

 

Түркістан өңірінде 50 колледж бар. Онда 42 мыңнан аса студент білім алып жатыр. Оның ішінде 30 235-і мемлекеттік негізде тегін біліммен қамтылған. Облыстық білім басқармасының басшысы биыл бөлінген гранттың бәрі толық игерілгенін айтады.

Ғалымжан Жұмашев, Түркістан облыстық білім басқармасының басшысы: «Биылғы оқу жылына бөлінген 15 344 орын толық игерілді. Өткен оқу жылында колледждерге 17 000 мемлекеттік тапсырыс бөлінсе, оның тек 11 110-ы игерілген болатын. Мемлекеттік гранттың дұрыс игерілуіне байланысты және сабаққа қатысуына арнайы мониторинг жүргізіліп жатыр»

Аймақта бұған дейін мониторинг арнайы тексеріс арқылы жүргізілсе, биылдан бастап FACE ID ақпараттық жүйесі енгізіліп жатыр. Қазірге дейін 24 білім ордасы аталған бағдарламамен қамтамасыз етілді. Ал тағы 1 нысан қараша айының соңына дейін ортақ жүйеге қосылады. Білім саласындағы атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан өңір басшысы бірқатар ұсынысын айтты.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Колледждерге оқу гранттарын жариялауда қоғамға керекті мамандықтарға басымдық беріңіздер. Бізге техникалық мамандық иелері, құрылысшылар, ІТ саласы мамандары, инженерлер керек. Қаншама студент оқуды бітіріп жатыр. Білім деңгейі қалай? Мемлекеттен қаржы бөлініп, оқуға қабылданған студенттердің талапқа сай білім алуы қадағалансын. Студенттердің сабаққа келуін қадағалайтын бағдарламаларды жетілдіріңіздер. Қандай педагогтер сабақ береді қараңыздар»

Айта кетейік, облыстағы колледждерде 2 жарым мың педагог жұмыс атқарады. Оның 1 828 мемлекеттік, 685 жекеменшік мекеме қызметкері. Биыл 1 283 оқытушы біліктілік арттыру курстарынан өткізілген.