Бадам өзенінде балықтар қырылып жатыр

237

Бадам өзенінде балықтар қырылып жатыр. Айналдырған екі күннің ішінде өзен жағасында өлексе балықтар біршама жиналып қалған. Ал, шармай, яғни маринка балықтардың неден қырылып жатқаны әзірге белгісіз.

Мамандардың айтуынша, дәл осындай жағдай бұл өзенде алғаш рет тіркеліп отыр екен. Алдын ала болжам бойынша, жауын шашын салдары және тасқын судың әсері балықтардың өлуіне себеп болуы бек мүмкін.

Шымкенттегі Бадам өзенінде балықтар қырылып жатыр. Санаулы күннің ішінде өзен жағасында өлексе балықтар біршама жиналып қалған.

Мықтыбай Қалыбайдың балық шаруашылығында жұмыс істеп жүргеніне 40 жылдай уақыт болған. Осы жылдар аралығында судағы тіршілікке бейімделген жануарлардың жаппай қырылғанын алғаш рет көруім дейді. Маманның сынамаға жинап алған балықтарының ішінде, өліп қалғанымен қоса, шала жансары да кездеседі. Айта кетейік, қырылған балықтардың барлығы шармай, яғни, маринка деген түрі.

Мықтыбай ҚАЛЫБАЙ, Еңбекші ауданының мал дәрігері: «Бадам өзенінің жағасында балық қырылып жатыр дегеннен кейін келіп сынама алып жатырмын. Лабораторияда  диагнозын шығарады. Бірақ балықтың бұлай қырылып жатқанын бірінші рет көріп отырмын. Неше жылдан бері».

Балықтардың қырылуының нақты себебі зертханалық зерттеулердің нәтижелері алынғаннан кейін белгілі болады. Ал «Балық шаруашылығы» ғылыми өндірістік орталығының өкілдері бұған жауын-шашын мен тасқын судың салдарынан судың сапасы мен температурасының өзгеруі әсер етуі мүмкін деген болжам айтуда.

Сөздеріне сенсек, өліп жатқан шармай балықтар сезімтал және таза суларды мекен етеді, кез келген кері сыртқы факторларды бірден қабылдай алмайтын көрінеді. Бұл жағдайды Экология министрлігінің өзі бақылауға алды.

Тынысбек БАРАХБАЕВ, «Балық шаруашылығы ҒӨО» ЖШС Арал филиалының директоры: «Біріншіден, жаңағы судың лайлануы бар, басқасы бар. Олардың  демалуына әсер етуі арқылы, су құрамындағы оттегінің жетіспеуінен әр түрлі жағдай болады ғой. Соған байланысты мүмкін осыған әкеліп соқты ма деген кішігірім болжам бар. Және одан бөлек, жалғыз маринка емес, тау суларында мекен ететін, кәсіптік маңызы жоқ балықтың түрлері бар. Көлемі кішкентай болып өсетін. Бірақ олардың өлу факторы анықталмаған».

Ал, өзен маңайындағы тұрғындар болса, балықтардың қырылуы 10 жыл бұрын орын алғанын айтады. Соның салдарынан, суда тіршілік ететін омыртқалы жануарлар саны күрт азайып кетіпті. Соңғы жылдары ғана олардың саны арта бастағанда, оқыс жағдай қайталанып отырғанын мүлдем түсінбейді. Балықтар өліп жатқан өзен суына жақындауға да шошынып қалған.

Самат ҚҰДАЙБЕРГЕН, Шымкент қаласының тұрғыны: «Тексеретін адамдар болса, тексерсін. Қарайтын адамдар бар шығар. Арғы жағы бәрі парк қой, сол паркте балалар шомыылады. Ертеңгі күні біреу ауру болады, жара пайда болады».

«Бадам өзеніндегі қырылып жатқан балықтардың сынамасының нәтижесі қашан шығары әзірге беймәлім. Ал, осы маңдағы тұрғындар болса, балықтарды барынша аман алып қалуға тырысып жатыр. Ол үшін олар өзен бойында жиекке шығып қалған балықтарды алып, таза суға яғни бұлаққа әкеліп ағызып жатыр. Ондағы бар мақсаттары, бір-екі балық болса да аман алып қалу.

Ғалымжан Кенжебек