Бадам өзенінің жағасы жаңа кейіпке енеді

132

Шымкенттегі Бадам өзенінің бойы енді жаңа кейіпке енеді. Бұған дейін күл-қоқысқа айналған аумақты көріктендіру жұмыстары бүгін басталды. Ол үшін қаладағы жеке кәсіпкер 60 млн. теңге бөлген. Және аумақты тазартып, құрылыс жұмыстарын қолға алды.

Айта кетейік, кәсіпкерге бұл жер 49 жылға жалға берілген. Осылай деген Абай ауданының әкімі өзен аумағының адам танымастай өзгеретінін айтады.

Бұхарбай ПАРМАНОВ, Абай ауданының әкімі: «Қарт Бадам. Бүгінгі күні өздеріңіз жақсы білесіздер жағдайы өте нашар. Бадам өзенінің екі шеті күл-қоқысқа толы. Біз енді, әрине, тазалықты жақсы көретін халықпыз. Күнделікті тазалағанымен ертесіне әр түрлі жағдайлар болып жатады. Сарыағаш-Ташкент бағытында өтетін көпірден бастап, Жаңаталап, Көкбұлақ елдімекеніне дейін 4 шақырымды құрайды. Бадам өзенінің бойын абаттандыру жұмыстарын қолға алдық».

4 шақырымға жалғасқан өзеннің жан-жағынан бөлек, ондағы мұнара да қала көркін аша түспек. Және ғашықтар мұнарасы деген жаңа атқа ие болады дейді жауаптылар. Осылайша елеусіз қалған Шымкенттегі Карл Маркс елдімекеніне жан бітеді дейді билік өкілдері.

Шыңғыс МҰҚАН, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: «Құптарлық іс деп ойлаймыз. Абай ауданында басталған игілікті істі Шымкенттің басқа да тұрғын алаптарында тұратын халық, азаматтар қолдап кететініне сеніміміз мол. Бүгін мәдениет үйі мен Бадам өзенін абаттандыру басталды деп есептейміз. Енді бір жарты жылдан кейін осы абаттандырылғанын бәріміз көрейік келіп».

Бұдан бөлек, қала әкімінің бірінші орынбасары елдімекенде құрылысы енді басталатын мәдениет үйінің аумағына барды. Жаңа ғимаратты аумақ тұрғындары өз қаржыларына тұрғызбақ.