Баспанадан қағылған салымшылар шу шығарды

170

«Баспана кз» сайтының сылбыр жұмысынан, пәтерден қағылдық». Отбасы банкінің алдына жиналған бір топ салымшы осылай деп бұлқан-талқан.

Ағымдағы жылдың 10 наурызынан бастап «Отбасы банк» салымшыларына пәтерлерді тікелей брондау мүмкіндігі берілген. Алайда сайт жұмысы істен шығып, біраз адам үй алу мүмкіндігінен айырылыпты.

Айтуларынша, келесі күні іске қосылған сайтқа кірсе, бірде-бір үй қалмапты. Ең қызығы, салымшылар көзі түскен, бірақ қолдары жетпеген пәтерлер көп ұзамай өзге сайттарда сатылымға қойылған. Ашуға булыққандардың айтар көп…

Шымкенттегі «Отбасы банкінің» алдына жиналған салымшылар, жиған-тергенін депозитке салып, пәтерлі болуды көптен бері армандаған. Тіпті алғашқы жарнаны жинап, әне-міне қоныс тойымызды тойлаймыз деп отырған да екен. Наурыздың 10-ы күні сағат 00:00-ден пәтерлерді тікелей брондау мүмкіндігі туған кезде «Баспана.кз» сайты істен шығыпты. Осылайша салымшылар түнгі сағат 00:00-ден бастап сайттың машақатымен таңды аттырдық дейді. Айтуларынша, шамамен таңғы сағат 00-07-лерде қайта іске қосылған сайтта бірді-бір үй қалмапты. Ең сорақысы сол, көздеп отырған пәтерлер көп ұзамай өзге сайтта сатылымда жүр дейді олар.

Гүлнәз ТӨЛТАЕВА,Шымкент қаласының тұрғыны: «Ертесіне сол пәтерлер 5-6 млн жуық квартиралар 10 млн. 500 деп «крыша кз» шығады ғой. Адал болады, тікелей Астандан болады деген соң сендік. Сол үшін бар ақшамызды салған жоқпыз ба? Енді мен өз салған ақшамды алғым келіп тұр. Өйткені мен сенбеймін бұл банкке».

«Отбасы банкінен» көңілдері қалған салымшылар енді ақшаларын қайтарып алуды көздейді. Сөздерінше, оның өзі оңай шаруа емес екен. Банк менеджерлері солай депті. Ал «Отбасы банктің» филиал директоры мұны жоққа шығарып отыр.

Жиналған халықтың алдында мән-жайды барынша түсіндірмек болған «Отбасы банкінің» филиал директоры алдағы уақытта бұл олқылықтың орнын толтырамыз деп сендірмек болды.

Дәурен САУДАБАЕВ, «Отбасы банкі» АҚ Шымкент қаласы филиалының директоры: «Мен бұған дейін айтқанымдай сайт алдағы уақытта басқа платформаға ауысады. Сол кезде осындай проблемалардың барлығы шешіледі деп ойлаймын. Ал, салымшыларға Тұран шағынауданында салынып жатқан мемлекеттік үйлерді көруге ұсыныс айтамыз».

Десе де, ашуға булыққан тұрғындар ол пәтерлерді алуға үзілді-кесілді қарсы. Себебі ондағы инфрақұрылым мәселесі толығымен шешімін таппаған. Ал су жаңа пәтерлердің «крыша кз» сайтында қалай пайда болғаны банк өкілдеріне де түсініксіз болып отыр, ресми шағым түссе, тексереміз дейді олар.

Ғалымжан Кенжебек