Мемлекеттік қолдау арқылы коворкинг орталығын ашқан

109

Қазіргі таңда өз қызметтерін мамандандырылған онлайн платформаларда, БАҚ арқылы берілетін жарнамалар арқылы көрсететін жеке кәсіпкерлік түрлері дамыған.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін үйде отырып жұмыс жасау немесе қызмет көрсету әрқашан да ыңғайлы бола бермеуі тағы бар. Ал кеңсе жайды жалға алу мұндайлар үшін қымбатқа түсуіне байланысты «коворкинг» орталықтары кеңінен қолданысқа ие бола бастады. «Коворкинг» сөзі (ағылшынның co-working) — «біргелесіп жұмыс жасау» деген мағынаны білдіреді.

Коворкинг бағыты туралы естіп-білген бастауыш кәсіпкер – Әлібек Шолпанқұлов миллионнан аса тұрғыны бар Шымкент қаласында жаңашыл кәсіп түрі, өзін-өзі жұмыспен қамтыған кәсіпкерлер үшін коворкинг орталығын ашуға бел буады. Коворкинг орталығын ашу үшін қажет ғимаратты тапқаннан соң, ғимаратты қайта құру мен жабдықтауға қаражат қажет болады.

Содан мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алып, нәтижесінде 2018 жылы жас кәсіпкер Әлібек «SCRUM» деп аталатын коворкинг орталығын ашты.
Қазір бұл орталық кәсіпкерлерге жүйелі түрде өсу және даму мүмкіндігін беретін, кәсіпкерлерді жұмыс орнымен қамтамасыз ететін халықтық желі болып табылады. Ал, Әлібек Шолпанқұлов болса өзгеге көмектесу арқылы өзінің кәсібін дөңгелетіп отырғанын айтуда.

Аталған орталық Байтұрсынов көшесі №18 мекенжайында орналасқан. Қосымша ақпаратты +7‒777‒111‒52‒99, +7‒702‒758‒22‒93 арқылы білуге болады.