Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамы – байырғы заманнан келе жатқан “көктемгі жаңару” мерекесі екені белгілі. Наурыз — бес мың жылдан астам уақыттан бері тойланып келеді. Бұл мейрам Орта Азия халықтары, соның ішінде қазақ халқының да ұлттық мейрамы екені баршамызға аян.
Ұлыстың ұлы күні Наурыз мейрамына орай, қала әкімінің Наурыз мерекесіне бекітілген іс-шарасына сәйкес, Кентау қаласында мерекелік іс-шара өтті.
Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында іс-шара әр түрлі ұлттық мәдени орталықтары мен қазақ тілі қоғамы мен қалалық әжелер алқасының ұйымдастыруымен ұлттық тағамдар мен салт-дәстүрлерді дәріптейтін көрмелер ұйымдастырылды. Көрмеге қазақ тілі қоғамы мен әжелер алқасы бастаған топ қазақтың салт-дәстүрлері мен ұлттық тағамдарын, қазақтың ұлттық киімдері мен қол-өнер бұйымдарын кеңінен насихаттап, өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар көрмеге славян, татар-башқұрт, өзбек, кәріс ұлттық мәдени орталықтары да өз тағамдары мен қол өнер туындыларын, ұлттық салт-дәстүрлерін ортаға ұсынды.
Іс-шара соңы қалалық мәдениет сарайы өнерпаздарының онлайн концертімен жалғасын тапты. Бұл іс-шараға қалалық ішкі саясат бөлімі, қалалық қоғамдық келісім кеңесінің филиалы, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, қалалық қазақ тілі қоғамы, барлық ұлттық мәдени орталықтар, әжелер алқасы барлығы бірлесе атсалысты. Түркістан облысындағы карантин талаптарына сәйкес, іс-шара онлайн форматта өткізілді.