Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан үшінші мегаполисті еліміздегі трансплантология орталығына айналдыру жолында үлкен қадам жасалғанын мәлім етті.

Бұл туралы мегаполис басшысының бірінші орынбасары Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды. Оның сөзінше, Шымкентте медицина туризмі осылай дамымақ.

«Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің ұсынысмен, осы бағытта халықаралық конференция өткіздік. Оған Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстаннан мамандар қатысты.
Мықты мамандармен меморандум жасадық. Атақты Склифосовский атындағы жедел жәрдем ғылыми-зерттеу институты меңгерген ота түрлерін бізге үйрететін болды.
Біздің №1 қалалық клиникалық аурухана ендігі жерде Қазақстанда жасалатын трансплантацияның басым бөлігін жасап жатса таңғалмаңыз.

Адам өз мүшелерін көліктің бөлшектері сияқты ауыстырып жүре беретін ғылыми фантастикалық болашақ алыс емес. Егер сол рас болса, Шымкент көш бастайды.
Органдарын ауыстырғысы келетіндер бүкіл Қазақстаннан Шымкентке ағылатын болады. Шымкент республикалық қалаға осылай айналмақ», – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.