Жаңа жедел жәрдем орталығы ашылды

187

Шымкентте заманауи үлгідегі құрылғылармен жабдықталған жаңа жедел жәрдем станциясының симуляциялық орталығы ашылды. Бұл орталықта ақ халаттылар алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша кәсіби біліктіліктерін арттыра алады.

Шымкентте озық технологиялық құрылғылармен жабдықталған жедел жәрдем станциясының симуляциялық орталығы ашылды. Цифрландырылған құрылғылар арқылы медицина қызметкерлері кәсіби біліктіліктерін шыңдай алады.

Сонымен қатар, мұнда медицина мамандарын оқытуға арналған жабдықтар автоматты түрде жұмыс істейді. Мәселен, адам тәріздес манекендер маманның дұрыс немесе бұрыс іс-әрекетін құрылғыдағы арнайы түстер арқылы бағалап, бағыт-бағдар беріп отырады. Қаламыздың 10 бекетінде 10 дана манекеннен қою жоспарлануда. Бұл құрылғыларды тек дәрігерлер ғана емес, төтеншеліктер мен полиция қызметкерлері де пайдалана алады дейді жауаптылар.

Гүлнар Құрманбекова, Шымкент қалалық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері: «Науқас қандай жағдайда жатыр, манекен барлығын көрсетеді. Көзі ашылады, жабылады. Өзінің тынысы азаяды. Жүрегі тоқтайды. Өкпесі нашарлайды, барлығын осы манекен көрсетеді. Сол кезде алғашқы көмек көрсетіп жатқан жедел жәрдем қызметкеріне манекен дұрыс, не дұрыс емес жасап жатқандығын да көрсетеді. Сол арқылы тәжірибе жинайды».

Шымкентте медицина саласына қатысты біршама мәселелер шешіліп келеді. Мәселен, жедел жәрдем станциясының симуляциялық орталығы заман талабына сай жаңа көлік түрімен толықтырылды. Оның ерекшелігі бір мезетте бірден 6 науқасқа дейін қызмет көрсетуге болады.

Бақытжан Позилов, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы: «Қазіргі таңда Шымкент қаласында бір тәулікте 100 автокөлік жұмысқа шығады. Бұрын тек 6-7 оператор шақырту қабылдайтын болса, ал қазіргі таңда олардың санын 36- 40-қа дейін жеткіздік. Бұрын тек тәулікте 60 бригада шығатын болса, қазір 100 бригада шығады. Қазақстанда жалғыз автокөлік бір мезетте 5-6 науқасқа дейін көмек көрсете алады. Себебі бізде жол апаты болған кезде 3 бригаданы жіберу бізге ыңғайсыз тудырады. Ал бұл көлік бізге ыңғайлы болды».

Айта кетейік, қазіргі уақытта Шымкентте 1770 жедел жәрдем қызметкері болса, оның 1230-ы күн сайын шақыртуға шығады.

 Камила Есенғали 

QAINAR KÓZШымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі