Шымкентте еліміздегі тұңғыш рет қазақ тілін оқыту орталығы ашылған болатын. Орталық жайында көпшілік нақты білмеуі мүмкін. Оқырмандарға кеңірек таныстыруды жөн көрдік.
Шымкент қалалық тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың 1996 жылғы 4 қарашадағы №3186 Өкімімен мақұлданып «Қазақстан Республикасы Тіл саясатының тұжырымдамасын» іске ас мақсатында Шымкент қаласы әкімінің 1997 жылғы 31 қаңтардағы №152 шешімімен «Мемлекеттік тілді міндетті және ақысыз оқыту орталығы» ретінде қызметін бастады.
Орталықта ҚР Премьер-Министрінің 2018 жылғы 13 наурыздағы №27-Ө өкімімен бекітілген «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру» іс-шаралары, «Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына» сәйкес жоспарлы индикаторларды орындау мақсатында жұмыстар жүргізілуде.
Мекеменің негізгі жұмыс бағыттарына тоқталып өтсек. Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығында бүгінде мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелер, кәсіпорындар мен басқа ұйымдар қызметкерлеріне, сонымен қатар жеке тұлғаларға қазақ, орыс және ағылшын тілдерін оқыту; «Мемлекеттік тілде іс-қағаз жүргізу», «Латын графикасын оқыту», курстары мен насихаттау шараларын ұйымдастыру; Тіл үйренушілердің тілдерді белгілі бір деңгейде қиындықсыз меңгеру үшін қажетті оқулықтар, оқу-әдістемелік және көмекші оқу құралдары мен сөздіктер әзірлеп, баспадан шығарып, қамтамасыз ету жұмыстары атқарылуда.
Сондай-ақ, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, оның маңызы мен мәртебесін көтеру, тіл мәдениетін көтеру мақсатында түрлі іс-шаралар, семинар-кеңестер, ғылыми-практикалық конференция, ақпараттық сағаттар мен байқаулар ұйымдастырылады.
Бүгінде орталық қызметкерлерінің қажырлы еңбегінің арқасында тіл үйренушілер республикалық байқауларға қатысып, көптеген жүлделі орындарға ие болып, орталықтың мәртебесін көтеруде.