Түркістанның экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында ең озық технологиялар қолданылуда

337

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев өңір орталығындағы құрылысы аяқталған нысандардың аралап шықты.

Қазіргі таңда бой көтерген ғимараттардың ішкі әрлеу және абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Жасыл қалаға айналып келе жатқан Түркістанда көгал мен ағаш егу жұмыстарына ерекше назар аударылған. Айта кетейік, шаһардың жасыл желегін жайқалтып, экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында ең озық технологиялар қолданылуда.

28 гектар алқапты алып жатқан дендросаябақ қала іргесінде орналасқан. Мұнда 12 мың сан түрлі жеміс ағаштары мен көпжылдық өсімдік түрлері егіледі. Бүгінге дейін 10 мыңнан астам көшет отырғызылып үлгерген. Бұдан өзге саябақта жасанды көл болады. Аяқжолдар төселіп, жарықшамдар орнатылған. Субұрқақтар және жасанды көпірлер салынған. Мұнда 200-ге жуық жұмысшы мен 20 техника жұмылдырылған.

Ал, Ясауи кесенесінің аумағы жасыл желекке оранып, Ислам бағына айналады. Аймақ басшысы Өмірзақ Шөкеев кесене айналасындағы ботаникалық бақты абаттындыру жұмыстарымен танысты. Жеті гектар жер әлемде сирек кездесетін жасыл желекке оранып, ашық түсті, хош иісті гүлдермен көмкеріледі. Олар жыл 12 ай бойы гүлдеп тұрады.

Облыс басшысы «Керуен сарай» кешенінде де болды. Кешен аумағында іске асып жатқан инфрақұрылым жұмыстарын бақылау барысында жауаптыларға бірқатар тапсырмалар берді. Демалыс аумағындағы 50 гектар жерді абаттандырып, инженерлік инфрақұрылым жүргізілуде. Жаңадан көшелер төселіп, жарық пен су және кәріз жүйесі қатар жасақталып жатыр. Облыс әкімі мұндағы абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарының бекітілген кестеге сай аяқталуын міндеттеді.

Шынар Оразова