Жаңа кодекс қолданысқа енеді

172
фото kzl.sud.kz

Сот өндірісінің «әкімшілік істер» деп аталатын төртінші түрі пайда болады. Бұл туралы Шымкент қаласының мамандандырылған Әкімшілік сотының судьясы Абдуғаппар ӨСЕРБАЙҰЛЫ мәлімдеді.

Оның сөзінше аталған сот өндірісі азаматтар, заңды тұлғалар мен әкімшілік органдардың арасында туындаған жария-құқықтық даулар бойынша әкімішілік істерді қарайды. Яғни, әкімшілік органдардың шешіміне немесе әрекетіне қатысты даулар жалпы соттарда емес, мамандандырылған әкімшілік соттарда қаралатын болды.

Бұл сот жаңадан қабылданған Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі негізінде жұмыс істейді. Аталған кодекс ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Абдуғаппар ӨСЕРБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласының мамандандырылған Әкімшілік сотының судьясы: «Аталған кодекс 4 бөлімнен, 29 тараудан, 175 баптан тұрады. Негізінен кодекс екі бағыттан тұрады. Біріншісі әкімшілік рәсімдер болса, екіншісі әкімшілік сот ісін жүргізу. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі құқықтық жүйе үшін жаңа құжат, қоғамға бетбұрыс жасайтын тың заңнама болып отыр. Бұл мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сонымен қатар, әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттейді».

Енді жеке немесе заңды тұлға әкімшілік органдардың шешімімен немесе әрекеттерімен, әрекетсіздігімен келіспей, жария-құқыққа қатысты дау туындаса, олар «Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі негізінде жаңадан ашылатын мамандандырылған әкімшілік соттарға талап қоюмен жүгіне алады.

Бір ерекшелігі мамандандырылған әкімшілік соттардың өндірісіне түскен дауларды қарау кезінде азаматтар мүддесінің басым болуына айрықша мән беріледі. Сонымен қатар, кодексте татуластыру рәсімдері де қарастырылған.

Олжас Айдарбек