Шымкент қаласының халқын сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету бағытында «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і ауқымды жұмыс атқаруда.
Инвестициялық бағдарлама аясында электр желілеріне қызмет көрсету, жөндеу және қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу мақсатында серіктестік жылда өз автопаркін жаңартып отырады. Бұл жолы да компания су жаңа арнайы техникалардың кілтін табыстады.
«Оңтүстік Жарық транзит» серіктестігі басшылығы Шымкент қаласы аумағының кеңейгенін, халық санының өскенін ескеріп, қалалық электр желілерін арнайы техникалармен қамтамасыз етті. Осы әмбебап техникаларды қосқанда компания тарапынан биылдыққа сатып алынған жаңа техниканың саны 15-ке жетті.
Серік Тұрғымбаев, «Оңтүстік ЖарықТранзит» ЖШС-інің техникалық директорының орынбасары: «Арнайы техника «Камаз» манипуляторымен, гидромек-эксковатор осының барлығы электр желінің жұмыс істеуіне, үздіксіз электр энергиясын тұтынушыға жеткізуге, апатты жағдайлар болмау үшін-осының барлығы істелініп жатыр мекемеде. Манипуляторды айтып кетсек, әмбебап техника. Бұрын бағаналарды бір көлік жеткізсе, екіншісі оларды орнататын. Енді жаңа әмбебап техникамен бағана тасымалданып, олар лезде орнатылады».
Шымкент қалалық электр желілерінің жүргізушісі Батырәлі Пасеков салада 15 жыл қызмет жасап келеді. Жұмыстың қыр-сырын жетік білетіндіктен жаңа арнайы техникалардың мүмкіндіктерін жеткізуге тырысты.
Батырәлі Пасеков,»Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС -іне қарасты Шымкент қалалық электр желілерінің жүргізушісі: «Қазіргі техникамен бұрынғы Беларусь тракторының айырмашылығы жер мен көктей. Заман дамыған. Керемет бір машинаның өзі барлық жұмысты тындырады. Кабинаның іші салқын, магнитофон бар, жағдай жасалған, шаршау жоқ, тек жұмыс істеу керек».
Электр желілеріне жедел қызмет көрсету, жөндеу жұмыстарын және қайта жаңғырту шараларын жоспарлы жүргізу мақсатында «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС аталған екі әмбебап техникадан бөлек, 7 дана «УАЗ» автокөлігі, 16 тонналық 4 автокран сатып алынып, Мақтарал, Шардара және Созақ аудандарына берген болатын. Сонымен қатар, серіктестікке қарасты қала, аудандардағы мекемелер арнайы техникамен, оның ішінде бұрғылау машиналары, тасымалдау техникасымен кезең-кезеңімен қамтамасыз етілуде.
Шынар Оразова