Шымкент саябақтарын қандай өзгеріс күтіп тұр?

59

Шымкент саябақтарындағы қоғамдық әжетханалар тұрғындардың наразылығын тудыруда. Онда заманға сай жабдықталудан бұрын, жай санитариялық талаптар мен тазалық сақталмаған. Кейбір нысандардағы әжетханалар тіпті қауіпті жағдайда.

Шымкентте көпшілік демалатын орындардағы әжетханалардың жағдайы көңіл көншітпей тұр. Мәселен, орталық саябақтағы дәретхана таңғы сегізден кешкі тоғызға дейін жұмыс істейді. Дегенмен, әлі ішінде су мен тазалық жоқ. Келушілер саябақты суаратын сумен қолдарын шаюға мәжбүр. Ал кіру ақысы — 50 теңге.

«Таза емес. Бәрі ашық тұрмайды. Осы орталық паркте, дендропаркте және Арбатта, Абай паркте көп боламын. Көбінде орталық паркте таза емес, жабық тұрады», дейді тұрғындар. .

Ал Абай саябағындағы жалғыз әжетхана бірнеше жылдан бері жұмыс істемейді. Сол себепті демалушылардың көбі жақын маңдағы кафелердің дәретханаларына баруға мәжбүр. Тіпті кейбір әдепсіз тұрғындар нысандардың артында дәрет сындыратын көрінеді. Ал Жеңіс саябағындағы қоғамдық дәретхана тәулік бойы ашық болғанымен, Кеңес заманынан бері тұрған ескі шұңқыр ғана. Келушілер нәжістің сасық иісін алыстан сезетінін айтады.

Дархан ТҰРҒАНБАЙ, Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы: «Қазіргі таңда жаңа үлгідегі әжетханаларда парктердің барлығына су қосылып, қалыпты жағдайда жұмыс істеп жатыр. Екі паркте бұрынғы ескі үлгідегі әжетхана орналасқан. Оларда су жүйелері жоқ. Алдағы уақытта барлық парктерде жаңа үлгідегі су жүйесімен жұмыс істейтін әжетханалар салу жоспарда бар».

Осыдан үш жыл бұрын қала басшылығы саябақтардағы қоғамдық дәретхананың жағдайын ретке келтіруді жоспарлаған болатын. Бірақ байқағанымыздай бұл іс әлі аяқталмаған. Жауаптылар алдағы уақытта барлық парктерде жаңа үлгідегі су жүйесімен жұмыс істейтін әжетханалар салу жоспарда бар деп отыр.

 

Ақмарал Айтбаева