Шымкентте Абай атындағы №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясы үздік педагогикалық жоба, үздік мектептер қатарына енді. Педагогтардың жүйелі жұмысының арқасында 8 оқушы республикалық ғылыми жоба жұмыстарынан жүлделі орындарды иеленді.
Шымкенттегі Абай атындағы №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясы үздік педагогикалық жоба, үздік мектептер қатарында. Бүгін білім ұясында «Алтын белгі», «Үздік аттестат» иегерлері, ғылыми жобалар мен түрлі олимпиадалардың жеңімпаздарына құрмет көрсетілді. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың төртінші кезеңінде жеңімпаз атанған 4 оқушының арасында Ақбота Қуандықова да бар.
Ақбота ҚУАНДЫҚОВА, Абай атындағы №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназияның түлегі: «Жүзден жүйрік» республикалық олимпиадасына қатысып, күміс жүлдегер атандым. Олимпиада тарих пәнін одан әрі жетік білуіме өз септігін тигізді. Мен тарих пәнін 8 сыныптан бастап тереңдетіп оқып келемін. Мектепте, қаладағы олимпиадаларда білімімді шыңдадым. Алдағы уақытта жоғары оқу орнында білімімді ары қарай жетілдіремін».
Биыл мектепті бітірген 110 оқушының 3-уі «Алтын белгі» , 4 түлек «Алтын аттестат» иегері. Былтыр 106 оқушының арасында 8-і Алтын белгі , 5 түлек «Үздік аттестат атағын ақтады. 9 жылда білім ордасы 56 «Алтын белгі «, 33 «Үздік аттестат» иегерін тәрбиелеп шығарған. Мұндай жоғары көрсеткішке жүйелі жұмыстың арқасында қол жеткіздік,- дейді ұстаздар қауымы.
Күлімкөз ЕСЕНБЕКОВА, Абай атындағы №90 дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназияның тарих пәнінің мұғалімі: «Ұстаздық үнемі ізденісті, талмай еңбектенуді талап етеді. 3 әдістемелік құралын дайындап шығардым оны оқушылар мен мұғалімдер пайдалануда. Қашықта оқытсақ та, жауапкершілікті сезініп балаларға жақсы білім беруге тырыстық. Нәтижесінде оқушыларымыз жетістікке жетіп мектептің мерейін асқақтатуда».
Мектеп-гимназия республикалық олимпидаларда жеткен жетістіктері бойынша еліміздегі «100 үздік олимпиадалық мектептер» қатарына еніп, 53 орынды иеленді. Жаңа технологияларды меңгеруге ынталы оқушылар үшін де мұнда барлық жағдай жасалған. Ұл- қыздар таңдаған мамандықтарының қыр-сырын оқу ордасының қабырғасында үйренуде.
Шынар Оразова