Республикалық олимпиадаға қатысқан оқушылар оқу орнында таратылған астан улануы мүмкін

100
фото Толқын

Шымкенттегі олимпиадаға қатысқан оқушылар оқу орнында таратылған астан улануы мүмкін. Бұл туралы бүгін санитариялық эпидемиялогиялық қадағалау департаментінің мамандары мәлімдеді. Айтуларынша, балалар тамақтанған ыдыстардан лабараториялық тексерулер нәтижесінде зиянды бактериялар анықталған.

Шымкент санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Алдарқұл Райымқұлұлы «Зерделеу барысында зертханалық зерттеулерге тағам үлгілері, су сынамасы, сүртінді, асхана қызметкерлерінен бактериятасымалдаушылыққа бактериологиялық ыдыс аяқтан, тарелкадан, үстелдің үстінен, пышақтан зерттеуге анализдер алынған. Сүртінділерді зерттеулер нәтижелері бойынша ішек таяқшасы тобындағы бактериялар анықталған», – деді.

Сондай-ақ, оқыс жағдайға байланысты ауруханаға түскен он бес оқушының жиырма бесінші-наурыз күні ауруханадан шыққаны белгілі болды. Уланған оқушылар толығымен сауығып шықты дейді дәрігерлер. Дегенмен олипиада кезінде бөртпеге шалдыққан бір оқушы әлі медициналық ұйымда ем қабылдауда.

Мұрат Ағабаев, Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары: «Жиырма бесінші наурыз күні барлық он бес науқас бала сауығып, стационардан шығарылды, барлық балаларға инфекцияға қарсы емдеу шаралары жүргізілді».

Балаларға зиянды тағам таратқан асхана егесі әзірге жауапқа тартылмаған. Кәсіпкерді жауапқы тарту санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің құзыретіне кірмейді. Дегенмен, санитар дәрігерлер оқушылардың жаппай улануына байланысты қылмыстық іс қозғау үшін ішкі істер департаментіне ұсыныс жолданған. Құзырлы органдардың қандай шешім қабылдағаны алдағы уақытта белгілі болатын болады.