Сыңғырла, соңғы қоңырау!

314

Бүгін елдегі білім ұяларында соңғы қоңырау соғылды. Шымкенттегі Ыбырай Алтынсарин атындағы №65 білім ұясында салтанатты шара дәстүрлі түрде өтті. Алайда, оған тек білім ордасын тәмәмдайтын 9 және 11 сынып түлектері ғана келген. Ал, №1 мектеп-интернатында соңғы қоңырау онлайн форматында ұйымдастырылды.

Түлектер болса, бастысы соңғы қоңырау емес, жылдар бойы алған білімімізбен сынақта жоғары көрсеткішке жету дейді.

Бірер минуттардан кейін соңғы қоңырау соғылады. Шымкентте Ыбырай Алтынсарин атындағы №65 мектеп түлектері есте қалар сәттерінің оффлайн форматта өтіп жатқанына қуанышты. Алайда, карантин талаптарына сәйкес соңғы қоңырау шарасына тек 9 және 11 сынаптар қатысты.

Дулат СЕЙСЕНБЕКОВ, бітіруші түлек: «Эпидемиологиялық жағдайға байланысты да қиыншылықтар болды. Бірақ мектептегі ұстаздарымызға рақмет айтқым келеді. Олар бізге қолдау көрсетіп, барынша білім беріп, осы жылы қуанышпен және бір жағынан мектепті қимайсың. Аралас сезім деп айтсам болады».

Бұл мектептегі салтанатты шараға қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мен білім басқармасының басшысы Жанат Тажиева да қатысты. Бас ұстаз оқушыларға қосылып вальс билесе, әкімінің бірінші орынбасары түлектерге сәттілік тілеп, қолдау сөздерін жеткізді.

Шыңғыс МҰҚАН, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары: «Өте тебіреністі сәт әр оқушы үшін, ата-аналар үшін, ұстаздар үшін. Осы оқу орнын аяқтаған соң қандай маман болады, қай жерде жұмыс жасайды, қоғамда орны қалай болады ол барлығымызды алаңдатады. Сондықтан міне Алтынсарин мектебіне келіп ақжолтай құттықтауымызды айттық».

Ал, мамандандырылған №1 мектеп-интернатында соңғы қоңырау онлайн түрде өтті. Мектеп әкімшілігі оқушылардың қауіпсіздігі үшін осындай шешімге келген екен. Түлектердің ата-аналары да қарсы болмапты. Бұл шараға қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов та қатысты. Түлектер соңғы қоңыраудың дәстүрлі түрде өтуін күттік дейді. Десе де, одан да маңызды дүние бар екенін айтады.

Зейнеп БАБАЖАНОВА, бітіруші түлек: «Негізі әрбір адам кішкентай кезінен армандайды ғой жақсылап сыныптастарыммен бірге бітірсем екен деп. Бірақ елімізде болып жатқан төтенше жағдайлармен таныспыз. Сол себепті бұдан басқа амал жоқ. Дегенмен де біздің басты мақсатымыз бұл емес. Мақсатымыз емтихандардан, ҰБТ-дан жоғары балл жинау».

Айта кетейік, үшінші мегаполисте 186 білім ұясы бар. Онда 226 мың оқушы білім алады. Соның 9535-і биыл мектеп бітіруші түлек. Биыл 513 шәкірт «Алтын белгіден» үміткер.

Олжас Айдарбек