«Әлем-балалар көзімен». MOBIL PLUS KOMEK қоры балаларды марапаттады

707

Абай саябағында «Шымкент жастар қаласы» жас суретшілер көрмесінің «Әлем балалар көзімен» тақырыбында сурет салу байқауы өтіп, жеңімпаздар диплом, алғыс хат, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

MOBIL PLUS KOMEK  қоғамдық қайырымдылық қоры демеушілік жасаған мерекеде бірде бір бала назардан тыс қалмады. Бақдәулет Теміров байқауға тыңғылықты дайындалыпты. Түрлі-түсті бормен асфальт бетіне сызған суреті бірден көзге түседі. 6 жасар суретшінің арманы – құрылысшы болу.

Бақдәулет Теміров, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мен киіз үй салдым. Мұндай байқауға бірінші рет қатысып жатырмын. Сурет салуды ағам, әпкемнен үйрендім. Мектепке биыл барамын».
Ал 5 жасар Раяна табиғатты бейнелеген. Оның да сызған суреті көз қуантады. «Әлем – балалар көзімен» байқауының демеушісі – Mobil Plus Көмек қоғамдық қайырымдылық қоры. Аталған қор сурет байқауына қамқорлығындағы көпбалалы отбасы балаларын арнайы шақырыпты.

Наргиза Керімбаева, Mobil Plus Komek қоғамдық қайырымдылық қорының президенті: «Біз халықаралық балаларды қорғау күнімен ата-аналарды, ұл қыздарды құттықтаймыз. Оларға ең бастысы денсаулық тілейміз,  барлығы бақытты болсын».

Милена Ростошанская бұзауды жақсы көреді. Ол сүйікті жануарының суретін салып бітуге таяды. Қайсар да төзімді бүлдіршін шағын туындысына дән риза.

Марина Ростошанская, Миленаның анасы: «Қызым сурет салуды жақында бастады. Ұстазы ынтасы үшін мақтайды. Байқауға шақырту алдық, алғаш рет қатысып жатырмыз. Қызыма барлығы ұнап жаттыр. Көңілі көтеріңкі. Біз көпшілікке көп бара бермейміз. Ерекше балаларға қамқор болған «Мобилплюскөмек» қайырымдылық қорына алғысымыз шексіз».

Қазылар алқасының шешімімен кейіпкеріміз Милена асфальтке сурет салу байқауында екінші орынды алды. Бас жүлдені Нұрила Темірова жеңіп алды. Оған бас жүлде – велосипед табысталды. Нұриланың бауырлары Бақдәулет пен Нұрқасым да арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Mobil Plus Komek  қоғамдық қайырымдылық қоры қолдап-демеп отыратын отбасылардың барлық баласы сый-сияпат алды. Ешкім де назардан тыс қалмады.