«Mobil Plus» Көмек: Шымкентте ең үздік еріктілер марапатталды

239

Шымкентте 2021 жылдың ең үздік еріктілеріне құрмет көрсетілді. «Mobil Plus» Көмек қайырымдылық қоры ұйымдастырған іс шараға қордың белсенділері, серіктестері мен қордың қамқорындағы тұрғындар қатысты.

Халықаралық еріктілер күніне арналған салтанатты жиынды ашқан қала әкімінің  бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан еріктілер қозғалысының қоғамдағы орнына тоқталып, олардың атқарған игі бастамалары мен қайырымдылық игі істері үшін алғыс білдірді: «Халық атынан рахмет. Сіздер тек жерлестеріңізге ғана емес,  су тасқынынан зардап шеккен мақтаралдықтарға , жарылыстың салдарын бастан кешкен Арыстағы ағайындарға, Риддердегі өрттен жапа шеккендерге қол ұшын создыңыздар. Еріктілердің қатары көбейе берсін. Біреуге қолдау көрсетсең, жақсылық істесең , еселеніп қайтады. Мереке құтты болсын».

Марапатталған ең үздік еріктілердің қатарында Диана Бауыржанқызы да бар. 3 баланың анасы көмекке мұқтаж отбасылар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен мүмкіндігі шеутеулі азаматтарға қолынан келгенше қолдау көрсетуге әрқашан дайын.

Диана Бауыржанқызы, 2021 жылдың ең үздік еріктісі: «Балалар үйіне барғанда, бір  бөбектің жәутендеген көздерін көріп, содан бері қайырымдылық жасауды бастадым. Сосын көпбалалы отбасына көмектестік. Қазір ол отбасында 11 бала бар».

«Мобиль плюс Көмек» қайырымдылық қоры қолдауды қажет ететін азаматтарға қамқорлық көрсеткен еріктілерге жоғары деңгейде құрмет көрсетуді ұйғарыпты.

Шара барысында қор серіктестерінің үздік еріктілері де марапатталып , көп балалы аналарға сыйлықтар табыс етілді. Салтанатты шараға Mobil Plus компаниясы демеушілік жасады

Наргиза Керімбаева, «Mobil Plus Көмек» қорының президенті, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты: «Іс-шараның мақсаты – қаламыздың жастары арасында дұрыс құндылықтарды насихаттау, атап айтқанда әлеуметтік осал азаматтарға жанашырлық пен қолдау көрсету. Дәл осындай шаралар арқылы біз Қазақстандағы волонтерлік қозғалыстың дамуына үлес қосқымыз келеді. Жастар волонтер болу беделді екенін, белсенді азаматтық ұстанымды көрсете отырып, қазір білім беруде де, болашақта да бизнесте табысқа жетуге болатынын түсінуі керек, Еріктілердің, әсіресе пандемия кезінде атқарған жұмысы ұшан теңіз. Жасаған жақсылығың , еселеніп қайтарылады, мен оған сенемін».

Еріктілер қозғалысы Mobil Plus компаниясында 2015 жылы бастауын алды. Содан бері мұқтаж жандарға көмек көрсетуге ниет білдірген еріктілердің қатары жылдан жылға артып келеді. Mobil Plus көп балалы аналар, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға жалпы сомасы 100 миллион теңгеден астам қаржы көлемінде материалдық көмек көрсетті.

Қарлығаш  Дәрібаева, көп балалы ана: «Баспанаға кезегіміз бойынша  3 бөлмелі пәтер   алдық. 11 баланы тәрбиелеп отырмыз. Отағасы  бірінші топтағы мүгедек,. Өзім бала күтімімен әзірге үйдемін.Алайда жұмысым бар. Наргиза ханымға рахмет, үнемі телефон соғып жағдайымызды білім тұрады. Қажет болған заттарымызды, балаларға киім, азық-түлікті еріктілер жеткізіп береді. Үлкен рахмет».

Атаулы қозғалыс Mobil Plus Komek қайырымдылық қорының құрылуына септігін тигізді. Осындай қысқа мерзімде Қор «Балалық шақ аллеясы», «Мектепке жол», «Әлем балалар көзімен» сияқты акциялармен елге танылды. Баспананы күрделі жөндеуден өткізу, тұрмыстық техника сыйлау және мұқтаж жандарға азық-түлік себеттері, жиһаз, дәрі-дәрмек сатып алуға, емделуге көмек көрсету сияқты игі істер алда да жалғасын табады,- дейді қор басшысы.