Өңір басшысы той-томалақты тоқтатуды тапсырды

148

Түркістан облысының кей аудандарында дүркіреп той өтіп жатыр. Осылай деген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев коронавирустың қайта белең алып жатқанын атап өтті. Және той-томалақты өткізуді тоқтатуды тапсырды. Әрі санитарлық талаптарды елемегендерге жаза, жауапты басшыларға шара қолданылатындығын жеткізді.

Түкістан облысында тәжівирусы анықталғандардың 75 пайызға жуық инфекцияны мерекелік кештерде жұқтырған. Індетті болжамды жұқтыру көздерін нақтылау үшін эпидемиологиялық тексерулер барысында осындай дерек белгілі болды. Саладағылар өңірде той-томалақ өткізу тыйылмай тұр деп отыр.

Жыл басынан бері тыйым салынған 400-дей шара анықталыпты. Оның 225-і қоғамдық тамақтану орындарында өткен, қалғаны өз үйлерінің ауласында өткізген екен. Ал аудан, қала әкімдіктері жанынан құрылған 127 мобильді топ мүшелері жүргізген мониторинг жұмысының тиімділігі күрт төмендеген. Осыған байланысты облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жауаптыларға қатаң ескерту жасап, той өткізуді тоқтатуды тапсырды.

Өмірзақ Шөкеев, Түркістан облысының әкімі: «Қайтадан белең алып бара жатыр ауру. Мониторинг емес, тексеруді күшейту керек. Көріп отырмын, кей аудандарда айқайлап тұрып той жасап жатыр. Беташары болсын, басқасы болсын. Қадам бассаң, барлық жерде той болып жатыр. Елдегі эпидемиологиялық жағдайды біле тұра, той жасағандарды тоқтату керек».

Өмірзақ Шөкеев санитарлық талаптардың сақталуын бақылау мақсатында жүргізіліп жатқан тексерулерді елемегендерге жаза, ал жауапты басшыларға шара қолданылатындығын атап өтті.

Айта кетейік, күнгей өңірде мамыр айынан бері КВИ-мен ауырған науқаспен байланыста болған оқшаулау тәртібін бұзған 35 адам «Ашық» қосымшасы арқылы анықталған. Оның 9-ы «қызыл», 26-сы «сары» статустағылар. Облыс әкіміне өңірдегі эпидахуалды баяндаған аймақтың бас дәрігері екпе ектіргендер көрсеткішіне де тоқталды.

Марат Пашимов, Түркістан облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы: «Бүкіл облыста біз 1200 төсек орыннан ашқанбыз. Казір сол 1200 төсек орында 188 адам ем қабылдауда. 70 адам карантинде, 158-і үйде карантинде. Ал мынау вакцинация бойынша медқызметкерлерді 100 пайызға жеткізгенбіз. Мұғалімдер 90 пайызға, полиция 100 пайызға жеткіздік».

 

Мөлдір Ибадуллаева