Қайнарбұлақтың тұрғындары шу шығарды

152

Шымкентте Қайнарбұлақ тұрғын алабының халқы 7 жылдан бері шешімін таппай келе жатқан мәселелерін айтып шу шығарды. Көгілдір отын былай тұрсын, тіршілік нәрі мен жарыққа жылдар бойы жарымай отырмыз дейді. Амалы таусылған халық біздің арнаға хабарласып, көмек сұрады. Мәселе қалай шешіледі?

Жылдар бойы құрғақ уәдеге әбден тойдық деген Қайнарбұлақ тұрғын алабының халқы шу шығарды. Оған басты себеп әлі күнге дейін коммуналдық мәселелердің шешілмеуі. Дүйім жұрт үйімізде ауыз су, көгілдір отын мен жарық жоқ дейді. Тіпті ашынған халық жолды жауып, басшылықтан мәселені қалай болса да қолға алуын талап етті.

«Біздің проблемамыз су, жол, жарық және газ. 2014 жылы қаланың құрамына кіргенбіз, бірақ бізде ештеңе жоқ. 7 жылдан бері ешқандай коммуникация жоқ. Әкімшілікке бардық, неше рет хат жаздық. 109-ға звондадық. Бізде ештеңе жоқ», — дейді ашынған жұрт.

Айта кетейік, Қайнарбұлақта 8 мыңға жуық тұрғын бар. Қараша жұрт жауапты мамандар инфрақұрылымдық жүйені толықтай тартып берсін деп талап қойды. Ал ақ жағалылар болса, бұл жер о баста ауыл шаруашылық мақсатында пайдалануға берілген дейді.

Азамат Парманов, Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімінің орынбасары: «Бұл жерде не үшін газ, жарық, су болған жоқ. Бұл жер білесіздер кезінде Сайрам ауданынан қосылған. Қосылған кезде бұл жер ауылшаруашылық мақсатында болған. Ал тұрғындар бұл жерге келіп үй соққан. Осы аумақтағы 2700 үй сол ауыл шаруашылық жерге түскен. Соны ескерген басшылықтар 2019 жылы егжей жегжейлі жоспар бекітілді».

Қайнарбұлақта тек жарық мәселесі ғана емес, одан қалса жығылғанға жұдырық дегендей ауыз су мен көгілдір отын деген атымен жоқ. Тұрғындар суды тасып ішуге мәжбүр. Оның өзін 2000 теңгеге сатып алады екен. Аптап ыстықта әрең жететін су соңында бұзылып кетеді деп налиды халық.

Халықтың мұңын тыңдаған әкімдіктегілер көтерілген мәселелер назардан тыс қалған емес деп сендірді.

Азамат Парманов, Шымкент қаласы Қаратау ауданы әкімінің орынбасары «Біріншіден, біз жарық мәселесін шешеміз, жоба сметасы дайын. Биыл республикалық және жергілікті бюджеттен 2 миллиард 200 миллион теңге бөлінді. Алдағы 1-2 күнде электр жарығы бойынша өз жұмысын бастайды. Бірақ бұл жоба келесі жылға өтпелі. Яғни, 2022 жылы аяқталады. Екіншіден, біз ауыз су мен табиғи газ мәселесін шешеміз. 2020 жылдың қараша айында біз смета дайындадық. Бюджеттен шамамен 50 миллион теңге бөлінді. Қазір сметаны мемлекеттік сараптама қарастырып жатыр, бәрі қалай үйлеседі, біз бұл мәселені де шешеміз».

Камила Есенғали